Ұлыбританиядағы босқындар Руандаға жіберілетін болды

Ұлыбританиядағы босқындар Руандаға жіберілетін болды
Фото: elaphjournal.com

ЛОНДОН. KAZINFORM - Ұлыбританияға баспана сұрап ағылатын мигранттар Шығыс-орталық Африкаға ақыры жөнелтілетін болды. 2 жылға созылған заңи және саяси текетірестерден кейін  парламент заң жобасын мақұлдады. Босқындар тиелген алғашқы ұшақ жазда Руанданың Кигали қаласына жол тартады. Бірақ жаңа заң Ла-Маншты шағын қайықтарға мініп, кесіп өтетіндер үшін тосқауыл бола ала ма? Kazinform-ның Тұманды Альбиондағы  меншікті тілшісі Ғалымжан Қараманұлы мәселені зерттеп көрді.

Бұған дейін Жоғарғы сот Руанданы қауіпті мемлекет, ол жаққа босқындарды жіберуге болмайды деп шешкені белгілі. Енді міне үкімет Шығыс-орталық Африка елін қауіпсіз деп заңмен бекітіп тастады. Қиян-кескі айтыстардан кейін құжатты парламент мүшелері түпкілікті мақұлдады. Жаңа заң соттарға Ұлыбританияның адам құқықтары туралы заңдарын және босқындар туралы конвенциясын елемеуге рұқсат береді.

«Руандаға алғашқы рейс 10-12 аптадан кейін ұшады. Әрине, бұл біз қалағанымыздан кешірек. Бірақ деректерді өңдеуге уақыт кететінін әрқашан айтып жүрміз. Аэродром күту режимінде жұмыс істеп тұр, коммерциялық чартерлік ұшақтарға тапсырыс беріп қойдық. Заңсыз мигранттарды алып жүруге 500 жоғары білікті қызметкеріміз бар және алдағы апталарда тағы 300 адам дайындықтан өтеді», - деді Ұлыбритания премьер-министрі Риши Сунак.

Бұдан былай, мәселен, Франция сияқты қауіпсіз елдің аумағынан Ұлыбританияға заңсыз кірген кез келген баспана іздеуші Руандаға жіберіледі. Баспана сұрағандардың өтініштері Тұманды Альбионда емес, сол елде қаралады. Егер қанағаттандырылса, оларға босқын мәртебесі беріліп, Африкада өмір сүруге рұқсат етіледі. Бірақ ешқайсысы Ұлыбританияға қайта орала алмайды.

«Серіктестіктің бекітілген бюджеті бар. Руандаға келген мигрант қамқорлыққа алынады. Оларды уақытша орналастыруға, құжаттарын рәсімдеуге, тұрақты жүріп-тұруына ақша бөлінген. Егер ұшақ қазір қонса, қазір қарсы алуға дайынбыз: баспанамен қамтамасыз етіп, қажет болған жағдайда медициналық көмек көрсетеміз», - деді Руанда үкіметінің ресми өкілінің орынбасары Элейн Мукуралинда.

Ұлыбританияға шағын үрлемелі қайықтармен жыл сайын келетін мигранттардың саны 4 жыл бұрын 300 адам ғана болса, қазір рекордтық 45 мыңға дейін өсті. Босқындар Ла-Маншты кесіп өтуге көмектесетін қылмыстық топтарға мыңдаған фунт төлейді. Мигранттардың жүріп-тұруына Британ үкіметі жылына шамамен 4 миллиард фунт жұмсайды. Руанда жоспары сәтті жүзеге асса миллиардтаған ақша үнемделеді дейді премьер-министр. Баспана сұраушылардың кейбірі Ішкі істер министрлігінен елден қуылуы мүмкін деген ескерту хаттарын алып үлгерді.

«Мен не істерімді білмей дал болдым. Бар ойым Руандаға депортация жасалатыным туралы. Африкаға жөнелтілетінімді білгенімде мұнда ешқашан келмейтін едім», - дейді Хамза есімді босқын.

Руанда заңы оппозициялық партиялар мен көптеген халықаралық және қайырымдылық ұйымдарының қатаң сынына ұшырады. Олар жаңа бастама адам құқықтарын аяқасты қылады және жаһандық көші-қон дағдарысын шешуде халықаралық ынтымақтастыққа нұқсан келтіреді деп үкіметті айыптап, жоспарларын қайта қарауға шақырды.

«Бұл шешім жаһандық ынтымақтастық пен жауапкершілікті бірге көтеру міндеттемесіне қайшы келеді және Ұлыбритания 1951 жылы қол қойған босқындар туралы Конвенцияны бұзады деп есептейміз», - деді БҰҰ Босқындар жөніндегі жоғарғы комиссарының өкілі Мэтью Солтмарш.

«Заңның басқа мемлекеттерге үлгі болатындығы алаңдатады. Ұлыбритания үкіметі соттар шешім шығарғанда дәлелдерді дұрыс бағаламауға заңды түрде мәжбүрлей алатынын көрсетіп отыр. Бұл – жәй ғана босқындарға баспана беру саясаты ғана емес, одан да зор салдары бар дүние», - дейді «Ұлыбританиядағы халықаралық рақымшылық» үкіметтік емес ұйымының бас директоры Саша Дешмух.

Министрлер Руанда жоспары мигранттар нөпірін азайтады деп есептейді. Бірақ сарапшылардың пікірінше, бұлай болуы екіталай. Өйткені босқындар адвокаттар құтқарады деп сеніп, Англияға ағыла бермек. Ақшаны Руанда үкіметіне төлегеннен гөрі жағалауларды нығайту әлдеқайда арзанырақ болар еді, дейді олар.

Премьер-министр Риши Сунак өзінің «қайықтарды тоқтату» жоспарын негізгі сайлауалды уәдесіне айналдырды. Өзі басқаратын билік партиясы халық ықыласына бөленбей, сауалнамаларда айтарлықтай артта келеді. Босқындар болса, Британ жағалауларына қарай жүзуді жалғастырып жатыр. Сейсенбіде Ла-Маншты шағын қайықпен кесіп өтуге тырысқан 4 ересек және 1 бала суға кетіп, қайтыс болды. Жалпы жыл басынан бері Ұлыбританияға 6 мың адам теңіз арқылы жеткен.

Соңғы жаңалықтар