Ұлыбританиядағы отандастарымыз дауыс беріп жатыр

ЛОНДОН. KAZINFORM – Ұлыбританиядағы Қазақстан елшілігі жанында орналасқан сайлау учаскесінде референдум енді басталды. Өйткені Лондон Астана уақытынан 4 сағат артта, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Референдум
Фото: Ғалымжан Қараманұлы /Kazinform

№ 376 сайлау учаскесі Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің ғимаратында орналасқан. Учаскеде Қазақстанның және Ұлыбританияның тулары, ортасында дауыс беру жәшігі тұр. Сайлау комиссиясының мүшелері ережелердің толық сақталуын қамтамасыз етіп отыр. 

Референдум
Фото: Ғалымжан Қараманұлы /Kazinform

Жалпы бірқатар отандасымыз дауыс беруге ниетті екендіктерін айтып, учаскеге алдын ала тіркелген. Басым көпшілігі студенттер қауымы және олардың белсенділігі өте жоғары. Бірінші болып келген дауыс берушіге елшілік тарапынан сыйлық берілді.

«Мен бірінші курс студентімін. Вестминстер университетінде IT мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Бүгін өмірімде бірінші рет және Лондонда бірінші болып дауыс беруге келдім. Конституциялық құқығымды жүзеге асыру мен үшін үлкен мәртебе», - деді Әлішер Қараман.

Дауыс берушілердің қатарында тек Ұлыбритания қазақтары ғана емес, Рединг, Манчестер, Абердин, Глазго қалаларында уақытша немесе тұрақты тұрып жатқан отандастарымыз, осында саяхаттап жүрген туристер де көп.

Әдетте дауыс берушілердің саны таңертеңгі уақытқа қарағанда түске таман артады. Өйткені Ұлыбританияның түкпір-түкпірінен жиналған қазақстандықтар Лондонға сол кезде жетеді.

Елшілік дауыс беру процесіне қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті полициямен ынтымақтастықта жұмыс істеп жатыр.

Таңертең 7-де ашылған дауыс беру учаскесі кешкі 8-ге дейін жалғасады. Одан кейін сайлау комиссиясының мүшелері дауыстарды санау процесіне кіріседі. Учаске жабылғаннан кейін 1-2 сағаттың көлемінде Лондондағы референдум нәтижелері белгілі болады. Саяси маңызы бар науқанның алдын ала нәтижелері ертең халыққа жария етілмек.

Соңғы жаңалықтар