Ұлыбританиядан бір жасар Қазақстан азаматы елге қайтарылды
АСТАНА. KAZINFORM – Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті Ұлыбританияда дүниеге келген бір жасар қыздың елге аман-есен оралғанын айтты.
Жағдай жедел әрекет етуді талап етті, себебі Ұлыбританияның уәкілетті органдары баланы британдық отбасында қалдыру мәселесін қарастырған.
Алайда қазақстандық тараптың үйлестірілген және жедел іс-қимылының арқасында баланың азаматтығын және туыстық байланыстарын сақтау құқығы қорғалды.
Нәтижесінде қыз бала туған әжесімен және биологиялық әкесімен қайта қауышты.
Мамандардың туыстарымен жүргізілген профилактикалық және түсіндіру жұмыстарының барысында қыздың әжесі мен әкесі баланы өз қамқорлығына алып, отбасында тәрбиелеуге ниетті екендерін білдірді.
— Кішкентай отандасымызды елге қайтару үшін Сыртқы істер министрлігімен бірлесе отырып ауқымды жұмыс істелді. Біз сәбидің жақын туыстарын анықтап, оны Қазақстанға қайтару туралы шешімге қол жеткіздік. Қазіргі уақытта бүлдіршін өз үйінде, туғандарының жанында, — деп атап өтті Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова.
Сондай-ақ, елге қайтару шаралары аясында балаға қазақстандық үлгідегі туу туралы куәлік рәсімделді.
Айта кетелік депутат шетелдіктер үшін «суррогат ана» болуға тыйым салуды ұсынған еді.