Ұлыбританияға көшіп келетіндер саны 400 мыңға кеміді

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлыбританиядағы иммиграция визалық талаптардың қатаңдауына байланысты шамамен жарты миллионға азайды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Ұлыбританияға көшіп келушілер саны 400 мыңға кемід
Фото: Pexels

Бұл жағдай жұмысшылардың отбасы мүшелері мен студенттердің кіруінің қысқаруымен байланысты, ал Ла-Маншты заңсыз кесіп өтушілер саны айтарлықтай өзгермеген.

Британ Ұлттық статистика қызметі жариялаған мәліметке сәйкес, 2024 жылғы маусымнан 2025 жылғы маусымға дейінгі кезеңде Ұлыбританияға ұзақ мерзімді иммиграция 898 мың адам болған. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен (1 млн 299 мың) 401 мың адамға аз.

2025 жылғы маусымның соңында елге келгендердің басым бөлігін еуропалық емес мемлекеттердің 670 мың азаматы құрады. Бұл да былтырғы деңгейден (1 млн) төмен. Қысқарудың негізгі себебі — заңсыз мигранттар санының азаюы емес, жұмысшылардың отбасы мүшелері мен студенттерге берілетін визалардың шамамен 70%-ға қысқаруы. Мұндай өзгеріс дәл осы санаттарға арналған визалық талаптардың қатайтылуымен байланысты.

2025 жылдың маусымында аяқталатын жылдағы таза көші-қон (ұзақ мерзімді кіру мен шығу арасындағы айырмашылық) 204 000 адамға бағаланады. Осы кезеңде елден кеткендердің көпшілігі еуропалық емес елдердің азаматтары — 286 000 адам. Олардың шамамен жартысы бұрын Ұлыбританияға студенттік визамен келген.

Иммиграциялық саясат соңғы он жылдан астам уақыт бойы Ұлыбританиядағы саяси күн тәртібінің негізгі тақырыптарының бірі болып келеді. Әртүрлі үкіметтер көшіп келушілер санын азайту үшін визалық талаптарды қатаңдатып, ең төменгі жалақы шегін көтеріп келеді.

Биліктегі лейбористер де бұл шараларды одан әрі қатаңдатып отыр. Олар қоғамда танымалдылығы артып келе жатқан Найджел Фарадж басқаратын ультраоңшыл Reform UK партиясының антимиграциялық риторикасына қарсы әрекет етуді көздейді.

Иммиграциялық ағындардың жалпы төмендеуіне қарамастан, көптеген британдық бұл мәселені елдегі ең өзекті проблемалардың бірі деп санайды. Қоғамдық алаңдаушылықтың басым бөлігі Ла-Маншты шағын қайықтармен заңсыз кесіп өтетін мигранттармен байланысты — олардың көбі Ауғанстаннан, Африка елдерінен және Таяу Шығыстан пана іздеп келгендер. 

Осы айда үкімет ауқымды реформаларды жариялады: уақытша босқын мәртебесі енгізіледі, заңсыз мигранттарды депортациялау рәсімдері жеделдетіледі, сондай-ақ кейбір шетелдік жұмысшылардың тұру ықтиярхатын алу мерзімі 5 жылдан 10 жылға ұзартылды.

Қарт адамдарға күтім көрсету саласындағы жұмысшыларға — үй күтушілері мен әлеуметтік қызметкерлерге арналған иммиграциялық маршрутты жабу саясаты шілдеде күшіне енді. Бұл санат соңғы жылдары еңбек миграциясының негізгі бөлігін құраған еді. Осы өзгеріс алдағы жылдары миграциялық көрсеткіштердің одан әрі төмендеуіне әкеледі деп күтіледі.

Айта кетелік Лондонда 100 мыңнан астам адам заңсыз миграцияға қарсы наразылық шеруіне шыққан еді

Соңғы жаңалықтар