Ұлық Ұлыс соғысқа қалай әскер жұмылдырды

Ұлық Ұлыс соғысқа қалай әскер жұмылдырды – Жақсылық Сәбитов
Фото: Dall-e

АСТАНА. KAZINFORM – 7 Мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай белгілі тарихшы, Жошы ұлысын зерттеу ғылыми институтының директоры Жақсылық Сәбитовпен сұхбаттасқан едік. Қазақ хандығының түпкі тұғыры деп есептелетін Ұлық Ұлыстың әскери жүйесі кейін Керей-Жәнібек қолының әскери қуатына негіз болды.  Ғалым Жошы ұлысының дәуіріндегі әскери элитаның рөлі мен құрылымы туралы біраз тұщымды ой айтты. 

- Әуелі Ұлық Ұлыс, Жошы ұлысы, Алтын Орда ұғымдарының бір-бірімен байланысын, айырмашылығын талдап айтып беріңізші. Ұлық Ұлыс деген Алтын Орданың тағы бір атауы ма?

- Ұлық Ұлыс, Жошы Ұлысы, Алтын Орда деген терминдердің айырмашылығы туралы айтсақ, Алтын Орда деген Жошы ұлысындағы билеушілердің резиденциясының атауы болған. Түпнұсқа атауы «Алтын босағалы Ақ орда» еді. Ол туралы кезінде Шоқан Уәлиханов жазған. Ал Жошы ұлысы деген термин алғаш рет парсы жазбаларында, басқа да дереккөздерде кездесті. Ұлық Ұлыс термині Жошы ұлысы билеушілерінің Жарлықтарында кездесетін. Жарлық шығарған кезде Ұлық Ұлыс атауы қолданылды. Ел арасында, ғылыми ортада Алтын Орда ұғымы кең тарағанымен, Жошы ұлысы немесе Ұлық Ұлыс деп атау дұрысырақ.

- Керей мен Жәнібек құрған мемлекеттің әскери құрылымы Алтын Орданың әскери жүйесі негізінде болды деп айта аламыз ба?

- Әрине, Керей мен Жәнібек хандар құрған мемлекет негізін Алтын Ордадан алды ғой. Сондықтан әскери жүйесі, үлкен есеппен алғанда, бірдей болды. XV ғасырда қалыптасқан Қазақ хандығы мен Алтын Орданың әскери жүйесіндегі айырмашылықтар елеусіз ғана болды деп айтуға келеді.

- Жошы дәуірінен басталған әскери құрылым Кенесары ханның әскеріне дейін жалғасты деп айта аламыз ба?

- Қазақтардың әскери ісі Жошы Ұлысынан негіз алғаны анық. Сол жүйе Кенесарының дәуіріне дейін жалғасты. Бірақ ол заманда белгілі бір эволюция болды деп айтар едім. Кенесары тұсында қазақтардың әскери ісі солтүстіктегі көршілердің қысымында болды, сол қысымның аясында ғана дамыды.

- Ұлық Ұлыстың әскери құрылымы Шыңғыс хан құрып кеткен «Яса» жарғысына қаншалықты жақын болды? Еуропаның, Осман патшалығының, Қытай армиясының, парсы армиясының, араб жасақтарының құрылымынан қандай озық үлгілер алынды? Бұл туралы қандай тарихи дәлелдер бар?

- Шын мәнінде Жошы ұлысының әскери ісі әуелі Моңғол империясының, Шыңғыс хан құрған империяның ісін жалғады. Бірақ кейін келе түз әскерінің сипаты арта берді. Жеңіл кавалерия ретінде атты садақшылар, ауыр кавалерия ретінде жан-жақты қаруланған атты әскер болды.

- Ұлық Ұлыстың қарулы күштерінің құрылымын тізіп бере аласыз ба? Қазір «қатардағы жауынгер-ефрейтор-сержант-лейтенант-капитан-майор-подполковник-полковник-генерал-армия генералы» деп келетін иерархия бар. Ол кездегі иерархияны осындай жүйемен түзіп шыға аласыз ба?

- Ол кездегі әскердің құрылым күрделі болды. Сөз жоқ, ол жүйе мыңдықтар мен түмендіктерге негізделді. Түмен деп 10 мың әскерді айтып отырғанымды түсінетін шығарсыз. Бірақ бұл мыңдықтардың сипаты әрқилы болғанын ұмытпау керек. Түрлі тайпалардан тұратын құрама мыңдықтар болатын. Мысалы Шыңғыс хан Сүбедейге қыпшақ, меркіт, найман, қаңлы сияқты бірнеше тайпадан құралған 10 мыңдық жасақ құруды тапсырған. Мыңдық пен түмен бір ғана тайпадан да құралатын. Мысалы, кілең қоңырат тайпасының өкілдерінен тұратын мыңдықтар болды. Оны «хазар мыңдығы» деп те атаған. Әскери атақтар туралы айтқанда әуелі мыңбасы деген термин ойға келеді. Бұдан бөлек әмір, ноян деген атақтар болған. Муизз әл Ансабтың еңбегіне жүгінсек, «әмір», «ноян» деген терминдердің бір-бірімен синоним сөздер екенін көреміз. «Әмір» араб сөзі болса, «ноян» моңғол сөзі. Кейде оның орнына «бек» деген сөз де қолданылған. Иерархия ханнан басталып, түменбасы, мыңбасы, жүзбасы, онбасыға дейін жалғасатын.

- Ұлық Ұлыс қарулы күштерінің әскери атақтарын айыратын погон сияқты айырма белгілері болды ма? Болса, ол үлгілерді сипаттап беріңізші? Бас киімі арқылы анықтады ма? Қатардағы жауынгер өзінің әскери басшыларын нақты қандай айырма белгілері арқылы таныды?

- Ұлық Ұлыста кез келген дала армиясы сияқты ұрандар қолданылды. Яғни, белгілі бір рудың ұраны айғайлап айтылатын. Соғыс алаңында бір-бірін тез тауып, қай жасақ қай бағытта шайқасып жатқанын білу үшін бұл маңызды еді. Одан бөлек құпия сөз ретінде айтылатын ұрандар болды. Орал мен Жайық деген сөздің екі түрлі атаумен кездесуі осыған мысал. 

Ұлық Ұлыс соғысқа қалай әскер жұмылдырды – Жақсылық Сәбитов
Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

- Ұлық Ұлыстың мемлекеттік басқару жүйесінде әскерилердің ықпалы қандай болды? Олардың ықпалын көрсететін қандай мысал келтірер едіңіз?

- Әскерилердің Алтын Ордадағы рөлі орасан болды. Өйткені аумақтық тұтастықты сақтайтын негізгі күш еді. Жерін кеңейту үшін басқыншылық жорықтар жиі жүргізілді. Сондықтан әскерилердің рөлі теңдессіз болды. Яғни, Жошы ұлысының мемлекетін әскерилерсіз ұстап тұру қиын болды. Әскери элита елдегі басты билеуші элита болып есептелді.

- Ұлық Ұлыстың кезінде қарулы күштерді сәтті басқарған қандай білікті «генералдар» болды?

- Бұл ретте Сүбедейді ерекше атауға болатын шығар. Жошы ұлысының үлесіндегі аумақты басып алу ісін сол баһадүр басқарды. Ұлық Ұлыс соның арқасында кеңейді. Одан кейін қият руынан шыққан Бұрындай деген болды. Оны Бұрылдай деп те атайды. Ол қият Мамайдың арғы атасы деп есептеледі. Осы сияқты мықты қолбасшылар көп болды. Әрине, әуелде Алтын Орда хандары шетінен баһадүр болды деп айтуға келмейтін шығар. Бірақ уақыт өткен айын мемлекет құрылымында қала элементі азая берді. Қала элементі азая түскен сайын әрбір ханның әскери қабілеті жоғары болу керек еді. Яғни, Ұлық Ұлыста билеуші болу үшін басқару қабілетіңнің жоғары болғаны жеткіліксіз еді. Кейін осы үрдіс Қазақ хандығында да жалғасты. Олардың бәрінде баһадүр дейтін титул болды. Хан шайқастың ортасында жүру керек деген түсінік берік қалыптасты.

- Ұлық Ұлыс армиясының саны өз заманында неше адамға дейін жетті?

- Жошы ұлысының әскер жұмылдыру қабілеті өз заманында орасан болды деп айта аламыз. 1250 жылдары Батудың қолы 185 мыңға жетті. Мөңке қаған Иранға шабуыл жасар кезде Жошы ұлысындағы армияның 20 пайызын жіберу туралы пәрмен түсіреді. Сол кезде Жошы ұлысы 3 түмен жібереді. Сонда ХІІІ ғасырда Алтын Орда армиясының 20 пайызы 30 мың болса, барлық қолдың саны 150-185 мың болды деген сөз. Бұл сол заман үшін үлкен армия еді.

- Қарулы күштердің құрамына кіру қарапайым тұрғынға қандай артықшылық берді? Жорыққа қатысу қарапайым тұрғындарға міндетті болды ма? Қарулы күш құрамына кіру үшін қарапайым адамға қандай талаптар қойылды? Әрбір жауынгерді атпен, сауытпен, ердің бес қаруымен, азық-түлікпен кім қамтамасыз етті?

- Әскер қатарында болу ешқандай артықшылық берген жоқ. Алтын Орда көшпенділері жорықтарға қатысуға міндетті болды. Атты да, қару-жарақты да, азықты да өздері тапты. Бұл жерде әскери жасақтар ұлыстар бойынша құрылғанын да айту керек. Яғни, әр ру өзі шығаратын қолдың жан-жақты жарақтануына күш салды. Жалпы Алтын Орда кезінен бастап әскери бөлімшелердің рулық сипаты арта түсті. Сондықтан дизертир деңгейі мүлдем төмен болды. Тіпті «У ішсең, руыңмен дейтін ұран қатаң сақталды. Қадырғали Жалайырдың жазбаларында тұтас хан әулетінің қырылып қалғаны туралы екі дерек айтылған. Мысалы, Тоғым ханның тоғыз ұлы мен немерелері, немере інілері бір жасақтың құрамында шайқасқан. Әдік сұлтанның 24 ұрпағы да шайқаста бір жасақтың құрамында жүріп қырылады. Сонда қазіргі рота, батальонның орнында әулет, ру, тайпа құрылымы қолданылған.

- Ердің бес қаруы дейтін түсінік Ұлық Ұлыс кезінен қалыптасты деп айта аламыз ба?

- Алтын орда әскерінің маңызды қаруының бірі садақ болды. Атты садақшылардан бөлек ауыр кавалерия болғанын айттым. Олардың басты қаруы найза болды. Қылыш, шоқпар, сойыл сияқты қаруды әркім ыңғайына қарай ұстады.

- Ұлық Ұлыс басшылығы әскери мобилизацияны қалай ұйымдастырды? Батыс пен шығысқа мыңдаған километрге созылып жатқан далада әскери бұйрық жіберу қандай құрал арқылы іске асты? Кептер жіберді ме, жаушы жолдады ма? Мысалы, 100 мың қол жинау үшін неше күн уақыт кетті?

- Әскерді жұмылдыру үшін әуелі хан жарлық түсіретін. Сол жарлық негізінде әр ұлыстан әскер жиналды. Әскер толық жұмылдырылғанша хан негізгі шайқасқа шықпауға тырысқан. Өйткені сондай жағдайлар болған. Мұндай жүйеде өзгелер әскердің соғысқа дайындық жасап жатқанын білмей қалмайтын. Бәрі біліп отыратын. Мысалы, Тоқтамыс ханға Әмір Темірдің жорық жасағаны жаңалық болмаған, біліп отырды әрі дайын болды.

- Ұлық Ұлыс армиясының әлемдегі соғыс өнері енгізген тактикалық тәсілдері, әскери маневрлері бар ма? Болса, нақты мысал келтіріңізші. Ол туралы қай еңбектерде жазылған?

- Ең танымал тәсіл қаумалап алу болды. Ол негізі қаумалап аң аулаудан шыққан. Қаумалап аңға шығудың өзі әскерді жаттықтыру үшін ұйымдастырылатын. Сол арқылы көшпелілер жауды қоршау, бөлшектеп шабу сияқты тәсілдерді пысықтаған. Көптеген дереккөздерде осы тәсіл туралы айтылған. XVI ғасырда ең көп тараған тәсілдің бірі «тұлғама» деген әдіс болды. Бұл жаудың тылына өтіп, соққы беруге негіздеген тәсіл еді. Атты әскер мобильді болғандықтан жаудың тылына өтіп, оң қапталынан да, сол қапталынан да шауып, берекесін алатын. Бұл тәсіл туралы Бабыр жақсы жазған. Ондай әдіске төтеп беретін тактиканы Әмір Темір ғана сәтті қолдана білген. Кейін жоңғарлар мен Мәскеу князьдері тың тосқауылдар ойлап тапты. Бірақ оның бәрі бірдей сәтті шықты деуге келмейді.

Соңғы жаңалықтар