Ұлым өсіп ұялтпасын, қызым өсіп қызартпасын десеңіз, тәрбиеге ерекше мән беріңіз – Сауық Жақанова

Тәлім-тәрбие, өнеге
Фото: Сауық Жақанованың жеке мұрағатынан

АЛМАТЫ. KAZINFORM - Наурыз мерекесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысымен жаңа форматта өтіп жатыр. Бұл мереке 10 күн тойланады. Ал, онкүндік – «Наурызнама» деп аталады. Бүгін, яғни, 17 наурыз – Шаңырақ күні – отбасылық құндылықтарымызды дәріптейтін күн. Осыған байланысты Кazinform тілшісі туыстық қарым- қатынас, тәрбие, отбасылық құндылықтың қоғамдағы рөлі туралы диктор, қазақ радиосының ардагері, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі, «Құрмет» орденінің иегері Сауық Жақановамен сұхбаттасқан еді.

– 17 наурыз- туыстық байланыстарды сақтауға және қадірлеуге үндейтін отбасылық күн. Сіздің түсінігіңізде отбасылық құндылық дегеніміз не?

– Отбасылық құндылық дегеніміз – бір-бірін сүйіп қосылған екі адамның жарасымы, сүйіспеншілігі, махаббаты дер едім. Отбасын сақтау үшін қолданатын ежелден келе жатқан салт-дәстүрі. Бұл – жазылмаған ереже. Содан сәл ғана ауытқушылық, болар-болмас қате басу болса, үзіліп кететін нәзік сезім. Осы құндылықтарды бағып-қағып, аялап, мәпелейтін қалыптастыратын – өзіміз. 

– Отбасындағы әке мен ананың рөлі туралы айтып беріңізші...

– «Алты аға бірігіп – әке болмас, жеті жеңге бірігіп – ана болмас» демекші, қазақ отбасында ата-ананың қадірі қашанда ерекше. Әке – отбасының тірегі, асыраушысы, қамқоршысы болса, ана – отбасының ұйытқысы, берекесі екені анық. Дүниедегі ешбір оқу әке мен ананың берген тәлім-тәрбиесін бере алмайды. Ол рас. Оқудан білім қонар, ал тағылымды тәрбие тек әке мен анадан ғана берілетін қасиет. Әке мен ананың бергеніндей білім, ақыл, тәрбие еш жерде болмайды. Міне, отбасылық құндылық осыдан басталады. Сондықтан мен қазіргі жас отбасыларға айтарым, ұлым өсіп ұялтпасын, қызым өсіп қызартпасын десеңіз, бала тәрбиесіне ерекше мән беру керек. 

– Қазаққа ғана тән қандай отбасылық құндылықтарды атар едіңіз.

– Қазақ халқы үшін айрықша құрметке ие екі нәрсе бар. Біріншісі – ырым, екіншісі – тыйым. Халқымыз біреудің аузынан шыққан бір ауыз сөзден де ырым көрген. Бұрыңғы ата-әжелеріміз тыйымға зор мән берген. Ешқашан ескірмейтін, мәнін жоғалтпайтын заңдылықтарды үлкендеріміз ертеде-ақ өмірдің, тұрмыс-тіршіліктің бұлжымас қағидасына айналдырған. «Біреудің ала жібін аттама», «үлкеннің жолын кеспе», «жаман болады», «ұят болады» деп бір ауыз сөзбен тыйған. Өкінішке қарай бүгінде қазақ осы қағиданы ұмыта бастадық. 

– Оған не себеп деп ойлайсыз?

– Оған себеп, ең алдымен, кеңес үкіметінің идеологиясы. Жетпіс жыл бойы бізді ақырындап барымыздан айыруға тырысты. Біз өзіміз сол идеологияның жетегінде жүрген екенбіз. Қазір ойлап қарасам, талай дүниеден айырылыппыз. Бір ғана мысал келтірейін, кезінде орыс тілінен әбден таяқ жеген, орыс тілін білмегендіктен көп арманы орындалмай қалған ата-ана баласын орыс мектебіне сүйреді, орыстың тілін білу мақсатқа жетудің жалғыз жолы деп ойлады. Біз «әже», «ата» деген абзал ұғымдардан айырылып қала жаздадық. Міне, сол тағылымдық дәстүрдің жібі үзілгелі қазақ қоғамында келеңсіз жайттар көбейіп кетті. Рухани құндылықтың алдына материалдық байлық шықты. Бұл ащы болса да шындық. Бабаларымыз мұра еткен өсиеттерді елеусіз қалдырдық. 

– Отбасылық құндылықты қалай сақтаймыз?

– Отбасы – адамды жақсылық жасауға үйрететін ең бірінші әлеуметтік ортасы. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны алады» ұғымының мағынасына саяды. Осы ретте айтайын, тілден құдіретті, бағалы қасиет жоқ. Тіл отбасылық қарым-қатынас қана емес, ол қоғамдық дамудың маңызды сатысы. Ана тілінде таза сөйлейтін отбасында, құндылық та бар. Көпке топырақ шашпаймын, дегенмен орыс мектебінде оқитын қазақ баласы мен қазақ мектебінде оқитын баланың тәрбиесінде айырмашылық жер мен көктей. Мысалы, тілі қазақша шыққан бала сыпайы болады. Оны өз басым талай байқадым. Сондықтан жас отбасыларға айтарым, балаларыңды барынша қазақ балабақшасына, қазақ мектебіне беріңдер. Біздің балаларымыз қазақша да, орысша да, ағылшынша да сол ұлтың өз балаларынан артық сөйлеп қызмет атқарып жүр, ол қазақ мектебін бітіргендіктерінің арқасы. 

– Сауық апай, өз отбасыңыздағы туыстық байланыс туралы айтып беріңізші...

– Әке-шешем мал баққан кісілер. Анам бізге қазақтың ертегі, аңыз-әңгімелерін жиі айтып беретін. Аузымыз ашылып отырып, қыбыр етпей тыңдайтын едік. Қазір ойлап отырсам, алғашқы ұстазым болған екен. Әкемнің жалғыз қарындасы бар еді. Ол кісінің баласы болмады, күйеуі лауазымды қызметте істеді. Үйдің үлкені болғандықтан шығар, мені сол кісілердің қолына берді. Үйге жаздыгүні, демалыста ғана келетінмін. Мектепті де, университетті де Алматыда оқыдым. Біздің Жақановтар әулетінде бүгінгі күні арттарына қалдырған 11 баласының ең үлкені мен бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққалы отырмын. Марқұм ата-анам бәрімізді бауырмал болуға, тіршілікте қандай жағдай болмасын бір-бірімізге қолымызды созуға үйретіп кетті. Сыйластық, татулық бар. Өзімнен кейінгі іні-сіңлілеріме ризамын. 

– Наурыз мейрамын қалай тойлайсыздар?

– Ұлттық мерекеміз әрі жаңа жылымызды бірнеше күн қатарынан тойласақ та артық емес. Наурыз – ақ ниет пен адалдықтың қауышатын, жақсылық пен ізгіліктің салтанат құратын күні. Осы жылы да әдеттегідей наурыз көжеден бастап, ұлттық тағамдардың бәрін жасаймыз. Бауырсақ, ет, сүт өнімдерінен де түрлі тағамдар дастарқанымыздан табылады. Отбасымызда Наурыз мерекесін ерекше қарсы алып, тойлау дәстүрге айналған. Қарағандыда тұратын інім Қосман Жақанов пен Астанадан Раушан сіңілім Алматыға наурызды тойлауға келе жатыр. 

– Мереке құтты болсын! Әңгімеңізге рақмет!

Соңғы жаңалықтар