«Ұлытау баспана»: Ұлытау облысында жаңа тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Ұлытау облысының әкімдігі мен «Отбасы банк» жыл сайын тұрғын үй бағдарламаларын қаржыландыруға 3 млрд теңгеден бағыттайды. Бүгін Республика күні қарсаңында облыс әкімі Есет Байкен мен «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова 2027–2029 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Жаңа «Ұлытау баспана» өңірлік бағдарламасы аясында бастапқы жарнасы 10%-дан басталатын, жылдық сыйақы мөлшерлемесі 5% болатын тұрғын үй заемдарын беру жоспарланып отыр. Қаржының 2,5 млрд теңгесін жыл сайын «Отбасы банк», ал 500 млн теңгесін облыс әкімдігі бөледі.
Облыс әкімі Есет Байкеннің айтуынша, бағдарлама тұрғын үй қорын жаңартуға, баспана кезегін қысқартуға және өңір тұрғындарының жеке баспана алу мүмкіндігін кеңейтуге бағытталған.
– Отбасы банкпен бірлескен жұмысты жаңа деңгейге көтеріп, өңір тұрғындары үшін қосымша мүмкіндіктер ашуды көздеп отырмыз. «Ұлытау баспана» бағдарламасының ерекшелігі – оны жүзеге асыруға ірі және орта бизнес өкілдері де қатысып, өз қызметкерлерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуға үлес қоса алады. Қазірдің өзінде алғашқы әлеуетті серіктестер жобаны қолдауға дайын екенін білдірді. Біз үшін жұмысшы мамандықтарының өкілдеріне, әлеуметтік сала қызметкерлеріне және өндіріс орындарының мамандарына баспана алуға мүмкіндік жасау маңызды. Адамдардың туған жерінде қалып, еңбек етіп, отбасын құрып, болашағын Ұлытау өңірімен байланыстыруы үшін қажетті жағдай жасауымыз керек, – деді Есет Байкен.
Өңірде бірлескен тұрғын үй бағдарламаларын жүзеге асыру тәжірибесі бар. Үш жыл ішінде «Ұлытау жастары» бағдарламасы бойынша 137 жас баспаналы болды. Ал 2025 жылы іске қосылған «Сәтбаев жұмыскер» жобасы аясында Сәтбаев қаласының 15 тұрғыны пәтер алды. Аталған бағдарламаларға бөлінген қаржының жалпы көлемі 2,6 млрд теңгені құрады.
Бұдан бөлек, «Отбасы банктің» қолдауымен тұрғын үйге мұқтаж азаматтар есебінде тұрған 429 адам баспанамен қамтылды.
Бүгін Республика күні қарсаңында Жезқазған және Сәтбаев қалаларының тұрғындары да жаңа пәтерлердің кілтін алды. Облыс әкімі Есет Байкен мен «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова жаңа қоныс иелерін қуанышымен құттықтап, шаңырақтарына бақ-береке, құт-ырыс пен отбасылық бақыт тіледі.
Облыс әкімдігі мәліметінше, «Ұлытау баспана» бағдарламасының іске қосылуы тұрғын үйге қолдау көрсету тетіктерін кеңейтіп, өңірдегі жұмысшыларды баспанамен қамтуға бизнесті тартуға мүмкіндік береді.