Ұлытау облысында 9 мыңнан астам әйел бір реттік жәрдемақы алады
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Халықаралық әйелдер күніне орай Ұлытау облысында 9 165 әйелге бір реттік төлем тағайындалады. Сыйлықақы мөлшері – 20 000 теңге.

Төлем Ұлытау облысының «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған 2 711 анаға беріледі.
Сонымен қатар, төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде он сегіз жасқа толған жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында білім алатын балалары бар 6 454 көпбалалы отбасыға төленеді.
- 8 Наурыз Халықаралық әйелдер мерекесіне орай бір рет берілетін әлеуметтік төлемнің құны – 20 000 теңге. Айта кетейік, бір реттік әлеуметтік төлем ҚР Үкіметінің 2023 жыл 30 маусымдағы №523 қаулысымен бекітілген «Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларына» сәйкес жергілікті атқарушы органдардың шешімімен беріледі, - деп мәлімдеді Ұлытау облысының әкімдігінде.
Осыған дейін Шығыс Қазақстан облысында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай бірнеше санаттағы әйелдерге 15 мың теңге көлемінде төлем берілетінін хабарлаған болатынбыз.