Ұлытау облысында аумағы 900 гектардан асатын ірі агрокешен бой көтеріп жатыр
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Ұлытау облысының Кеңгір ауылында «Kengir agro» кешенінің құрылысы басталды. Аталған орында суармалы егіншілік, мал бордақылау алаңы, сүт фермасы сынды ірі жобалар жүзеге асады.
Бастама «Отбасылық ферма» жобасының аясында қолға алынған. Мақсат – өңірде ішкі өнім қорын молайтып, экономиканы әртараптандыру және жаңа жұмыс орындарын ашу.

Қазір кешен аумағында әкімшілік-шаруашылық ғимарат, жұмыскерлерге арналған жатақхана, асхана, мал бордақылау алаңы, қора-жайлар мен қойма салынып жатыр. Жалпы 901 гектар аумақтың 500 гектары мал азығын дайындау үшін пайдаланылады. Ол үшін тамшылатып суару әдісі қолданылады. Қазір қажетті құрылғылар жеткізілді. 45 мың куб су көлеміне арналған қазаншұңқыр қазылып жатыр.

Айта кетерлігі, құрылыс барысында облыс аумағында өндірілетін материалдар қолданылып жатыр.
– Бұл – соңғы отыз жылдықта біздің өңірде болмаған жоба. Тамшылатып суару әдісімен аталған аумаққа мал азығы, жем-шөп өсіріледі. Қажетті қорды дайындаған соң 500-ге жуық асыл тұқымды ірі қара сиыр әкеліп, бордақыланады. Нәтижесінде алдағы екі жылда өзіміздің сүт өнімдерін дайындайтын ферма пайда болмақ, - деді Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Алмат Саухимов.
«Отбасылық ферма» – еш облыста баламасы жоқ жоба. Қазір оның аясында Жаңаарқа ауданының Түгіскен, Алғабас, Айнабұлақ, Орынбай ауылдарында да фермалардың жұмысын жүргізу қарқын алды.

Айта кетейік, Ұлытау облысының Түгіскен ауылында жаңа ветеринариялық пункт ашылды.
