Ұлытау облысында биыл 833 отбасы баспаналы болады
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Ұлытау облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде Құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ринат Алматов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізді.
Брифинг барысында өңірдегі құрылыс саласының даму қарқыны мен алдағы жоспарлар таныстырылды.
Ринат Алматов 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 109,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілгенін айтты.
– Биыл барлық қаржыландыру көздері есебінен 111,4 мың шаршы метр тұрғын үйді іске қосу жоспарланып отыр, – деді ол.
Қазіргі уақытта жеке инвестициялар есебінен жалпы ауданы 57,6 мың шаршы метр болатын 14 коммерциялық тұрғын үй салынып жатыр. Оның ішінде биыл 36,1 мың шаршы метрді құрайтын 8 тұрғын үй пайдалануға беріледі. Қалған 6 тұрғын үйдің құрылысы 2027 жылға өтпелі болмақ.
Жалпы алғанда, 2026 жылы өңірде ауданы 73 мың шаршы метр болатын 14 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады.
Оның ішінде 3 кредиттік, 3 жалға берілетін және 8 коммерциялық тұрғын үй бар.
– Бұл 833 отбасының баспаналы болуына мүмкіндік береді, – деді Ринат Алматов.
Сонымен қатар 2024 жылдан бастап облыс орталығының Батыс ауданындағы жаңа шағын ауданды инженерлік инфрақұрылыммен қамту үшін магистральдық желілердің құрылысы жүргізілуде.
Жобаны аяқтау 2026 жылға жоспарланған.
Биыл өңірде әлеуметтік нысандар бойынша 11 жоба жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, Қаражал қаласында жабық хоккей корты мен көпфункционалды орталықтың құрылысы жүргізілуде.
Хоккей корты мен Ұлытау ауылындағы жабық жүзу бассейнін қыркүйек айында пайдалануға беру көзделген.
Ал Қаражалдағы көпфункционалды орталық жыл соңына дейін ашылады.
Жезқазған қаласында курсанттарға арналған павильоны бар автоматтандырылған автодром құрылысын аяқтау үшін мердігер анықталып, қажетті техника жұмылдырылған.
Сонымен қатар Жезқазғанда оқушылар сарайының құрылысы толық аяқталып, қазір абаттандыру жұмыстары жүргізілуде.
Ұлытау ауылында бір ауысымда 100 адам қабылдайтын емханасы бар 20 орындық ауылдық аурухана салынып жатыр.
Жобаны 2026 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.
Сәтбаев қаласында индустриялық парктің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымының құрылысы биыл мамыр айында аяқталады деп күтілуде.
Бұдан бөлек, өңірде биыл тағы үш жаңа жоба басталған.
Олардың қатарында Жаңаарқа ауданындағы 100 орындық инклюзияны қолдау орталығы, Сәтбаев қаласындағы «БМ №7» КММ спорт залы және Ақселеу Сейдімбек атындағы орта мектептің спорт залын салу жобалары бар.
Айта кетейік, Ұлытау облысында Жеңістің 81 жылдығы кең көлемде тойланды.