Ұлытау облысында ірі есірткі жеткізу арнасы жойылды

АСТАНА.KAZINFORM - Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты бойынша жұмысты жалғастырып жатыр.

ч
Фото: Polisia.kz

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлінісінің қызметкерлері Ұлытау облысында ірі есірткі жеткізу арнасын жойды. Ол елдің оңтүстік аймағынан ұйымдастырылған, - деп хабарлайды Polisia.kz.

- Жезқазған - Қарағанды автожолында есірткі тасымалдауға қатысы бар бес адам ұсталды. Күдіктілер маршрутты бақылаған. Көлікті тексеру кезінде 13 пакет тәркіленді. Онда 300 келіден астам марихуана болған. Алдын ала мәліметке сәйкес тәркіленген есірткі миллионға жуық бір реттік дозаға тең. Оның қара нарықтағы құны үш миллион АҚШ долларына жетеді. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ішкі істер министрлігі есірткіні өндіру мен тарату бойынша кез келген заңсыз әрекеттің жолын кеседі. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда, - деді ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің төрағасы Данияр Мейірхан.

Айта кетейік, жыл басынан бері есірткі жеткізудің 11 халықаралық және 3 өңірлік арнасының жолы кесілді, 5 жасырын зертхананың қызметі залалсыздандырылды.

Соңғы жаңалықтар