Ұлытау облысында респиратор шығаратын зауыт ашылды
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM – Бұл – кейінгі үш жылда өңірде жүзеге асырылған 12-ші инвестжоба. Құны – 800 миллион теңге. Кәсіпорында жылына 5 миллион жеке қорғаныс құралы шығарылады, сондай-ақ 40-қа жуық азамат жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр. Жобаны жүзеге асырушы – «Ulytau Industrial Company» ЖШС.

Зауыттың ашылу салтанатына арнайы қатысқан Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков өңірдегі экономиканы әртараптандыру мақсатында атқарылып жатқан осындай жобалардың маңызын атап өтті.
– Облыс әкімдігі инвестицияларды тарту және кәсіпкерлікті қолдау жұмыстарын басым міндет ретінде қарастырады. Біз инвесторларға қолайлы жағдай жасауға, тиісті кедергілерді азайтуға және өңірдің экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған шараларды жалғастыра береміз, - деді өңір басшысы.

2025 жылы өңірде жалпы құны 138 млрд. теңгеге 17 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұдан бөлек, 2028 жылға дейін жалпы сомасы 917 млрд. теңгеге 22 жобадан тұратын инвестициялық пул қалыптастырылды. Бұл бастама 2 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.


– Қазіргі уақытта Ұлытау облысының өндіріс, кәсіпорындарын қамтамасыз етеміз. Күзге қарай қуаттылығымызды арттырып, Қазақстан нарығына шығуды жоспарлап отырмыз. Ол уақытта өнімдеріміздің саны артып, қызметкерлер саны да көбейеді, - дейді инвестор Қалмұрат Мәдишев.


Айта кетейік, экономиканы әртараптандыру мақсатында 2024 жылы Ұлытау облысында жалпы сомасы 34 млрд. теңгеге 9 инвестициялық жоба іске қосылды. Бұл жобалар 200-ден астам жаңа жұмыс орнын құрды. Сонымен қатар былтыр негізгі капиталға 226,5 млрд. теңге инвестиция тартылды, оның 89%-ы жеке инвестициялардың үлесіне тиесілі.