Ұлытау облысындағы Манадыр станциясында жаңа мектеп салынып жатыр
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының Манадыр станциясында мемлекетке қайтарылған қаражаттың есебінен жаңа мектеп құрылысы қарқынды жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Қазіргі таңда 80 орынға арналған білім ордасының екінші қабатының құрылысы аяқталып, бірінші қабатына терезелер орнатылды.

— Ішкі әрлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, жылу батареялары қойылып, сантехникалық жұмыстар толық аяқталды. Құрылыс материалдарының қоры жеткілікті, — делінген облыстық әкімдіктің хабарламасында.

Жаңа мектеп заманауи білім беру стандарттарына сай жабдықталып, жыл соңына дейін пайдалануға берілуі жоспарланып отыр.

Айта кетейік, Үкімет тұрғындардың өтінішін ескере отырып, осы жылдың басында Манадыр станциясында жаңа мектеп салу туралы шешім қабылдаған болатын.

Жобаға «Заңсыз алынған мүлікті мемлекетке қайтару туралы» арнайы мемлекеттік қордан 1,2 млрд теңге бөлінді.