Ұлытау облысының әкімі Жезқазған қаласындағы аулалардағы ойын алаңдарының жай-күйін тексерді
ҰЛЫТАУ. KAZINFORM – Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков Жезқазған қаласына жұмыс сапары барысында Гоголь, Ғарышкерлер және Есенберлин көшелеріндегі аулаларды аралап, ойын алаңдарындағы құрылыс және жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты.

Өңір басшысы ойын алаңдары пайдалануға берілгеннен кейін олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және ұқыпты күтім жасау бойынша бақылауды күшейтуді тапсырды. Сондай-ақ тұрғындармен, әсіресе балалар мен ата-аналармен мүлікті ұқыпты пайдалану жөнінде түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырудың маңыздылығын атап өтті.

Құрылыс жұмыстары былтыр басталып, әлі аяқталмаған және жаңадан салынып жатқан алаңдардың сапасы мен белгіленген мерзімде аяқталуын үнемі бақылауда ұстау қажеттігін ескертті.

Облыс әкімі аулаларда тұрғындардың жауапкершілігін арттырып, иелік сезімін қалыптастыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуді тапсырды.
Сапар барысында Дастан Жандаулетұлы қала тұрғындарымен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлеріне құлақ асты. Сонымен қатар, ойын алаңдары пайдалануға берілген соң, құрылыс алаңдарында қалған қалдық материалдар мен қоқыстарды уақытылы жоюды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Бұрыннан қалған ескі кеспе тастарды тазалау қажеттігін де ерекше атап өтті.

Өңір басшысы «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында аулалардың тазалығын сақтау – барша тұрғындардың ортақ міндеті екенін жеткізіп, белсенді атсалысуға шақырды.