Ұлытау облысының жылыту маусымына дайындығы қандай
ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Олжас Бектенов Ұлытау облысына жұмыс сапары аясында өңірдің коммуналдық-энергетикалық секторы нысандарына барып, инфрақұрылымды жаңғырту қарқынымен танысты.
Атап айтқанда, Үкімет басшысы Сәтбаев қаласының 70 мыңға жуық тұрғыны үшін жылу және ыстық су көзі болып саналатын № 1 және № 2 жылу стансаларын аралады.

Премьер-Министрге қазіргі уақытта № 1 жылу стансасында күрделі жөндеу және 4 қазандыққа, сондай-ақ газ құбырларына ағымдағы жөндеу жүргізіліп жатқаны туралы баяндалды.
Жезқазған ЖЭО-да да жабдықтарды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Бұл мақсатқа 13,5 млрд теңге бөлінді.
Қазіргі таңда № 5 қазандық агрегатына күрделі жөндеу жасалып, жұмыстың 60%-ы орындалды, сондай-ақ № 7 қазандыққа кеңейтілген-ағымдағы жөндеу жоспарлануда.

Қазандық агрегаты мен турбоагрегаттарға жүргізілген жөндеу жұмыстарынан соң, тозу көрсеткіші 84%-дан 63%-ға дейін төмендеді. № 8 қазандықты жаңғырту 70%-ға орындалды.
Олжас Бектенов өңір басшылығына, сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясына жұмыс қарқынын арттыруды, алдағы қысқа дайындықты жедел әрі сапалы аяқтауды тапсырды.
«Халықты жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ету азаматтардың әлеуметтік әл-ауқатына, сондай-ақ жалпы өңірдегі жағдайға әсер етеді. „Қазақмыс“ корпорациясы Жезқазған ЖЭО бойынша, сондай-ақ Сәтбаев қаласының № 1 және № 2 жылу стансалары бойынша барлық міндеттемелерін орындауы тиіс. Бұл жерде әкімдік пен Корпорация арасында үйлесімді жұмыс жүргізу қажет. Барлығы уақытылы жасалуы керек», — деп тапсырды Премьер-Министр.

Қазіргі уақытта Жезқазған ЖЭО-ның тозуы шамамен 65%-ды құрайды, Сәтбаевтағы қазандықтар 85%-ға тозған. Ұлытау облысында жылыту маусымына дайындыққа 30,2 млрд теңге бөлінді.
10 қазандық дайындалды, 478 шақырым электр беру желілері, 29,8 км су құбырының 22,6 шақырымы жөнделді және 46,4 км газ құбыры салынды.
