Ұлытау шахтасындағы апат бойынша құрылған комиссия бүгін Үкіметке қорытындысын береді
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлытау облысының» «Жомарт» шахтасында 7 адамның өмірін қиған апаттың себебін зерттеген комиссия бүгін түстен кейін Үкіметке қорытындысын өткізеді. Бұл туралы Төтенше жағдайлар вице-министрі Кеген Тұрсынбаев Сенаттағы парламенттік тыңдауда айтты.

- Сотқа дейінгі тергеу басталды. Апаттың алдын ала себебі – табиғи газдың жарылуы. Комиссия мүшелерімен бірге апат орнын тексердік, «Қазақмыс» корпорациясының қызметімен таныстық. Қаза тапқандардың отбасыларымен кездестік. Тергеу аясында жеті комиссия құрылды. Қазір шахтаның жұмысы тоқтатылған. Қажетті сараптамалар тағайындалды. Тергеу жүргізіліп жатыр. Бүгінгі уақытта комиссия өзінің жұмысын бітіріп, бүгін түстен кейін Үкіметте баяндайды. Қорытындысы қабылданған соң, жақын арада халыққа да, өздеріңізге де жеткізіледі деп ойлаймын, - деді ол депутаттар сұрағына берген жауапта.
Айта кету керек, аталған шахтаның жұмысы қайғылы оқиғадан кейін уақытша тоқтатылған болатын.