Ұлытауда жеті кеншінің өмірін қиған апат: сотта үш адам жауап беріп жатыр

ЖЕЗҚАЗҒАН. KAZINFORM — Ұлытау облысының Жаңаарқа аудандық сотында «Жомарт» кенішіндегі қайғылы оқиғаға қатысты қылмыстық істі қарау жалғасып жатыр. Марқұм шахтерлердің кейбір туыстары істің барлық мән-жайы жан-жақты қаралуы керек деп есептейді.

Ұлытауда жеті кеншінің қазасына қатысты сот жалғасып жатыр
Фото: ekaraganda.kz / Instagram

— Біз істің әділ әрі жан-жақты қаралғанын қалаймыз. Қайғылы оқиғаға кімнің нақты жауапты болғаны анықталуы керек деп есептейміз, — деді марқұмдардың туыстарының бірі.

Іс аясында ұсынылған мәліметтерге сәйкес, бастапқыда 24 адам күдікті ретінде өткен. Қазіргі уақытта сот алдында үш адам жауап беріп жатыр.

Айыптау тарапы тағылған айыптарды тау-кен жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуымен, оның ішінде метанның бар-жоғын тексерудің жүргізілмеуімен байланыстырады.

Соттың сегізінші отырысы 1 қазанда өтті. Істі қарау жалғасып жатыр.

Еске сала кетейік, Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы «Жомарт» кенішінде қайғылы оқиға 2025 жылғы ақпанда болды. Тау-кен массасының опырылуы салдарынан «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің жеті жұмысшысы қаза тапты. 

Мемлекет басшысы Ұлытау облысында кеншілердің қаза табуына байланысты көңіл айтты. 
Айта кетейік, қаза тапқан кеншілердің отбасыларына жәрдемақылар мен төлемдер тағайындалады. 

Сондай-ақ Ұлытау облысында шахтаның опырылуына байланысты үкіметтік комиссия құрылды.

2025 жылғы маусымда «Жомарт» кенішіне тау-кен жұмыстарын қайта бастауға рұқсат берілді. Кәсіпорынның іске қосылғанын «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нуриев хабарлады.