Улытаудағы христиан зиратын басқа орынға көшіру қоғамдық резонанс тудырды

ҰЛЫТАУ. KAZINFORM — Бұрынғы Жезқазған кентінің оңтүстік бөлігіндегі христиан зиратының қайта жерлеу мәселесі әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен тақырыптардың біріне айналды. Жергілікті тұрғындар санитарлық қаупі мен жерленген марқұмдардың туыстарының құқықтары қаншалықты сақталғанына алаңдаушылық білдіріп отыр.

Христиан зираты
Фото: Instagram / berikzhagiparov

Қоғам қайраткері Берік Жағыраповтың әлеуметтік желідегі жарияланымы жұрттың дүрлігуіне себеп болды. Онда ол болып жатқан жағдайға және жергілікті билік әрекеттеріне ашық наразылығын білдірген.

Жарияланымында ол жағдайды моральдық және заңдық тұрғыдан «ерсі әрекет» деп атады:

«Бұл енді жай ғана тәртіпсіздік емес — бұл ашық қастандық», деп жазды Жағырапов.

Оның айтуынша, қайта жерлеу үдерісі өрескел бұзушылықтармен жүргізілген.

«Бастапқыда, тұрғындардың айтуынша, шамамен 250 қабірді қазып, мәйіттерді бір жерге жинаған. Содан кейін қабір қазып, қазіргі Сатпаев қалалық зиратының жанына жерлеп жатыр. Бұл не деген сұмдық?», дейді қоғам белсендісі.

Жағырапов қайта жерлеу тек қатаң ережелерге сәйкес жүргізілуі тиіс екенін атап өтті:

«Бұл — рұқсаттармен, санитарлық нормалармен, СЭҚ-тің қатысуымен, туыстарға хабарлау және келісім алу арқылы жүргізілетін рәсім. Ал мұнда барлығы астаң-кестең, сырттай келісе отырып жасалып жатқан дүние».

Туыстарының келісімі мәселесіне де ерекше назар аударылды:

«Туыстардың рұқсаты қайда? Естуімізше, шамамен 30 адамнан ғана рұқсат алынған. Ал қалғандары ше? Бұл бизнес немесе даму мәселесі емес. Бұл — адамгершілік бет-бейненің жоғалуы. Марқұмдарға бұлай қиямет жасауға болмайды», деп жазып, болып жатқан жағдайды «қаланы ұятқа қалдыратын және абыройсыздықты көрсетіп отырған жағдай» деп атады.

Қоғамдық резонансқа байланысты Улытау ауданы әкімдігі ресми түсініктеме берді. Билік қайта жерлеу жұмыстары барлық санитарлық-эпидемиологиялық және құқықтық талаптарға сәйкес жүргізіліп жатқанын, шешімнің геологиялық жағдайдың нашарлауы және топырақтың түсіп кету қаупіне байланысты қабылданғанын хабарлады.

«Қайта жерлеуге дайындық және мәселені жан-жақты зерттеу екі жылдан астам уақытты алды», делінген әкімдіктің хабарламасында.

Биліктің мәліметінше, зират аумағында 1 888 адам жерленген, оның 920-сының жеке деректері бар, ал қалған 968 марқұмның аты-жөні жоқ.

Әкімдік жұмыстың уәкілетті органдардың рұқсаттарына сәйкес, санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің қорытындылары мен Сатбаев қаласы әкімдігінің қаулысына негізделіп жүргізіліп жатқанын ерекше атап өтті.

«Қазіргі таңда 507 адамның туыстарынан марқұмдардың сүйегін қайта жерлеуге келісімі алынған. Қалған жерлеулер бойынша жұмыстар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізіліп жатыр», делінген ресми түсініктемеде.

Билік мәліметінше, 850 сүйек қалдықтары белгіленген тәртіппен қайта жерленген. Бұл жұмысқа 51 маман тартылған, оның ішінде эпидемиолог дәрігерлер мен дезинфекциялық қызмет қызметкерлері бар, персоналға вакцинация жасалған және міндетті нұсқаулық өткізілген.

«Қайта жерлеу жұмыстарының барлық кезеңі Сатбаев қаласы әкімдігі мен салалық уәкілетті органдардың тұрақты бақылауымен жүргізіледі», деп сендірді облыс әкімдігі.

Соңында билік бұл тақырып бойынша алдын ала жалған ақпарат тарату еліміздің заңнамасына сәйкес жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертті.

Еске сала кетсек, былтыр Павлодардағы әйгілі саябаққа қатысты аңыздар туралы жазғанбыз. Ондағы саябақ зират орнына салынған.

Соңғы жаңалықтар