Үлкен Алматы өзені жағалауын жаңғырту жұмыстары 2026 жылы аяқталады
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда Үлкен Алматы өзенінің арнасын қайта жаңғырту жобасы таныстырылды.
Қалалық экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, қайта жаңғырту 5,7 шақырымдық аумақта — № 1 тұндырғыштан бастап Абай даңғылына дейінгі бөлікте жүргізіліп жатыр. Жоба аясында іргелес аумақты абаттандыру көзделген. Қазіргі таңда жұмыстардың 40%-дан астамы орындалған.

Жобаның мердігері — «Павлодар өзен порты» акционерлік қоғамы. Компания өкілі Сергей Житиневтің айтуынша, қайта жаңғырту жоспарға сай жүріп жатыр, жобаны аяқтау 2026 жылға жоспарланған.

— Техникалық қадағалау және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы тарапынан тұрақты бақылау жүргізіледі. Жұмыс аясында ескі әрі деформацияланған гранит тақталары алынып, гидрооқшаулағыш қабаты бар жаңа тақталар орнатылады. Жиектастар жаңарып, жүргінші және техникалық жолдар абаттандырылады. Гидравликалық сынақтардан кейін анықталған ақаулар жойылып, тегістеу қабаты төселеді, — деп хабарлады басқармадан.


Сондай-ақ жасыл желекті автосуару үшін сорғы станциясы орнатылмақ. Өзен бойына ағаштарды егу 2026 жылы көктемге жоспарланған.

Еске салайық, бұған дейін осы құрылыс алаңынан түнгі уақытта гранит плиталардың құлыптас әзірлейтін цехке тасымалданып жатқаны туралы бейнежазба жарияланды.
Кейін Алматы әкімдігі туындаған дауға байланысты түсініктеме берді.