Үлкен Алматы өзені жағалауында жаңадан егілген ағаштардың алынып тасталғаны рас па
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Үлкен Алматы өзенінің жағалауында №1 тұндырғыштан Абай даңғылына дейін қайта жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
Әлеуметтік желіде өзен жағалауында жаңа ағаштардың отырғызылып, ертеңіне олардың алынып тасталғаны туралы ақпарат тарады. Бұл дерекке қатысты Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы жауап беріп, оны жоққа шығарды.
Ведомство мәліметінше, биыл 11 сәуірде «Аманат» тұрғын үй кешені маңындағы учаскеде көгалдандыру жұмыстары жүргізілген. Жаңадан отырғызылған ағаштар орнынан алынбаған. Мердігер қараңғы түскенде отырғызылмаған бұталарды сақтау үшін уақытша құрылыс алаңдарының жанындағы күзетілетін аумаққа көшірген.
- Қазіргі уақытта көгалдандыру, бұталарды отырғызу және аумақты жоспарлау жұмыстары штаттық режимде жалғасып жатыр және ол Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының тұрақты бақылауында, - деп хабарлады ведомство өкілдері.
Еске салайық, Үлкен Алматы каналы 1980 жылдардың басында пайдалануға берілген. 2025 жылы жазда басталған қайта жаңғырту жұмысының құны 12,4 млрд теңге деп бағаланған.