Үлкен Алматы өзенін жаңғырту жобасы мерзімінде аяқталмады: әкімдік сотқа жүгінді
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Мегаполисте Үлкен Алматы өзенінің арнасын жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр.
Қалалық экология және қоршаған орта басқармасының тапсырысы бойынша қолға алынған қайта жаңғырту жобасы № 1 тұндырғыштан бастап Абай даңғылына дейінгі бөлікте (5,7 км) жүргізіліп жатыр. Жобаның мердігері — «Павлодар өзен порты» АҚ. Бүгінге дейін бұл жоба тұрғындар арасында көп сынға ұшырады. Әсіресе, грант плиталардың орнына қойылған материалдардың сапасыздығы, жұмыс алаңында шаң көтерілуі, жаңадан егілген ағаштардың жағдайы және басқа да деректер әлеуметтік желіде жиі талқыланды.
Осы орайда, Kazinform тілшісі Экология және қоршаған орта басқарма басшысының орынбасары Аршат Бахтыгереевпен тілдесіп, жобаның жүзеге асырылуы қандай сатыда екенін нақтылады. Ведомство өкілінің айтуынша, Үлкен Алматы өзені бойындағы жаңғырту жұмыстары шамамен 85-90 пайызға аяқталған. Бірақ бұл нақты көрсеткіш емес. Себебі сапасыз істелген жұмыстардың көбі әлі қабылданбаған.
— Нысандағы жұмыс барысы біздің күнделікті назарымызда. Басқарма басшылығы, бөлім мамандары күн сайын сонда барып, тексеріс жүргізеді. Егер жұмыс тоқтап тұрса, мердігерге тездету туралы ресми хат жолдаймыз. Халық тарапынан айтылған әрбір сынды біз де білеміз. Бірақ біз сапасыз жұмысты қабылдаған жоқпыз және ескертулер толық жөнделмесе қабылдамаймыз. Ең бастысы — біз мердігерге әлі көп ақшасын төлеген жоқпыз. Оларға «алдымен жұмысыңды сапалы етіп бітір» деп талап қойдық, — деді ол.
Сонымен қатар Аршат Бахтыгереев келісімшарт бойынша нысанда құрылыс жұмыстары 2026 жылдың 30 мамырында біту керек екенін атап өтті. Бірақ мердігер ұйым белгіленген уақыт жұмыстарын аяқтап үлгермеген.
— Мердігер компания жұмысты мерзімінде бітірген жоқ. Қазір біз келісімшарт талаптарына сай уақытты созғаны үшін оған өсімпұл жіберіп жатырмыз. Бұл сома жұмыстың қалған бөлігіне тиесілі қаражаттан пайыз ретінде шегеріле береді. Бұған қосымша, мердігерді жауапкершілікке тарту үшін сотқа арыз жолдадық, — деді басқарма басшысының орынбасары.
Оның айтуынша, Үлкен Алматы өзенін жаңғырту жобасы бойынша мердігер ұйым мемлекеттік сатып алу порталындағы рейтингтік-баллдық жүйе арқылы анықталған. Бұл жүйе бойынша байқауға қатысатын ірі мекемелер арасынан жинаған баллы жоғары компания автоматты түрде жеңімпаз атанады.
Аршат Бахтыгереев заң бойынша мердігер атқарылған жұмысқа 3 жылдық кепілдік беретінін де атап өтті. Айтуынша, алдағы жылдары жөнделген аумақтың кей тұстары бұзылып жатса, мердігер оны өз қаражатына жөндейді.
Еске салайық, Сайран көлінің жағалауын жаңғырту жобасын да «Павлодар өзен порты» АҚ жүзеге асырды. Бұл жұмыстар уақытылы әрі сапалы орындалмағандықтан, қала әкімдігі мердігерді сотқа берген болатын.