Үлкен ауылында әуежай салынуы мүмкін - Алматы облысының әкімі

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – Алматы облысының Жамбыл ауданына еліміздегі алғашқы атом электр станциясы салынады.

а
Фото: Алматы облысы әкімдігі

АЭС құрылысына байланысты Үлкен ауылы маңындағы инфрақұрылымды дамыту, оның ішінде әуежай салу жоспарланып отыр. Бұл туралы Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов Жамбыл ауданы тұрғындарымен кездесуі кезінде айтты.

Одан бөлек ол Үлкен ауылында тәулігіне 50 адамды қабылдайтын дәрігерлік амбулаторияның құрылысы желтоқсан айында аяқталатынын мәлімдеді.

- Бүгінде Алматы облысында 368 елді мекен бар. Әр ауыл күнделікті өмірге қажетті инженерлік инфрақұрылыммен, білім беру, медициналық, төтенше жағдай қызметі нысандарымен, Мәдениет үйі және ойын алаңдарымен қамтылуы тиіс. Мұның бәрін бірден шешу мүмкін емес. Тыңғылықты жоспарын дайындап, кезең-кезеңімен іске асырамыз, – деді Шыңғыс Әрінов.

Еске салайық, бұған дейін Үлкен ауылында 33 мыңға дейін тұрғыны бар атомшылар қалашығын салу жоспарланғанын жазғанбыз.

ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, 33 мыңға дейін адам тұруға есептелген атомшылар қалашығы қолданыстағы ауылдың құрамына біріктіріледі. Мұнда тұрғын үйлер, мектептер, медициналық нысандар, кадрларды даярлау және қайта даярлау орталықтары салынып, қонақүй инфрақұрылымы, қызмет көрсету саласы мен бизнес те дамытылады. Жоспарлау кезінде АЭС құрылысын қамтамасыз ету үшін салынатын нысандарды кейінгі кезеңде пайдалану мүмкіндігі де қарастырылады.

Жақында Росатом басшысы Қазақстандағы алғашқы АЭС-тің ауқымды құрылысын бастауға дайындық жүріп жатқанын айтты.