«Үлкен дулыға» турнирі: Новак Джокович соңғы 20 жылда алғаш рет бірінші айналымнан аса алмады

АСТАНА. KAZINFORM — Теннистен Нью-Йорк қаласында өтіп жатқан АҚШ ашық чемпионатында алғашқы сенсация тіркелді. 

Новак Джокович
Фото: championat.com

«Үлкен дулыға» турнирлерінің 24 дүркін чемпионы, әлемнің 5-ракеткасы, 39 жастағы сербиялық Новак Джокович бастапқы айналымда рейтингіде 49-орындағы аргентиналық Мариано Навонеге есе жіберді — 6:7 (5:7), 7:5, 6:4, 2:6, 1:6.

Аса тартысты өткен матч 4 сағат 40 минутқа созылды. Бұл Новак Джоковичтің спорттық жолында алғашқы айналымда ең ұзаққа созылған бәсеке еді. Сонымен қатар сербиялық теннисші соңғы 20 жылда бірінші рет «Үлкен дулыға» жарысының екінші айналымына шыға алмады. 

Новак Джокович 2006 жылы Аустралия ашық чемпионатының алғашқы айналымында америкалық Пол Голдстинге жол берген еді. Сол сәтсіздік араға жиырма жыл салып, бүгін қайталанды

Еске сала кетейік, бұдан бұрын АҚШ ашық чемпионатында Александр Шевченконың бес сеттік матчта жеңіліп қалғанын жазған едік. 
АҚШ ашық чемпионатында Александр Бублик алғашқы жеңісіне қол жеткізді.