«Үлкен рақмет» демейтін болдым: Польша дипломаты қазақ тіліндегі калька туралы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Республикасындағы Польша Республикасы Елшілігінің уақытша сенімді өкілі Михал Лабенда қазақ тілін үйрену кезінде айналасындағы адамдардан естіген кейбір калька тіркестерді өзі де қолданып кеткенін айтты. Дипломат тіл үйренудегі тәжірибесімен елордада өткен Халықаралық аудармашылар күніне арналған жиында бөлісті.

ы
Фото: "Қазақ тілі" қоғамы

Қазақ тілінде сөз сөйлеген дипломат аударманың халықаралық қатынастардағы ерекшеліктеріне тоқталып, өзінің аудармашы әрі дипломат ретіндегі тәжірибесінен бірнеше мысал келтірді.

Михал Лабенда қазақ тілін қазақтардың арасында жүріп үйренгенін айтып, тілдегі калькадан арылу өзіне де оңай емес екенін жасырмады. Оның сөзінше, айналасында жиі қолданылатын тіркестерді өзі де сол қалпында қабылдап, кейін олардың калька екенін білген кездері болған.

– Калькамен күрес мен үшін өте қиын. Себебі мен қазақтардың арасында жүріп, қазақ тілін үйрендім. Айналамдағылар «үлкен рақмет» десе, мен де солай айтамын. Қазір «үлкен рақмет» демейтін болдым, «көптен-көп рақмет» деп айту керек екенін білемін. Құжаттарда «болып табылады» деп жазылса, мен де «болып табылады» деп айта беремін. Қазір оның қате екенін білемін. Бірақ осындай қиындықтар бар, - деді ол.

Дипломат «Қазақ тілі» қоғамы шығарған кітаптар мен сөздіктердің күнделікті жұмысына көмектесетінін де атап өтті. Әсіресе жиында таныстырылған сөздікті тұрақты пайдаланатынын айтты.

Оның айтуынша, дипломатияда бір сөздің өзі айтылған ойдың мағынасын айтарлықтай өзгертіп жіберуі мүмкін. Мысырда жұмыс істеген кезінде ол осындай жағдайға тап болғанын жеткізді.

– Менің көмекшім, аудармашым өте дарынды мысыр азаматы болды. Ағылшын, араб тілдерін жақсы білді. Бірақ бір жолы нотаны аударғанда «біз сіздерден осы мәселені қарастыруды сұраймыз» дегенді «біз осы мәселені шешуді талап етеміз» деп аударғанын байқадым. Күнделікті өмірде айырмашылығы үлкен болмауы мүмкін. Бірақ министрліктен бір нәрсе сұрайсыз ба, әлде талап етесіз бе – айырмашылық зор, – деді Михал Лабенда.

Осыған байланысты дипломат аудармаға тапсырыс берген тарап дайын мәтінді міндетті түрде тексеруі қажет екенін атап өтті. Оның сөзінше, қанша тәжірибелі болса да, аудармашы қателесуі мүмкін. 

Бұдан бөлек ол Михал Лабенда халықаралық келіссөздерде мақал-мәтелдер мен әзілдерді қолданғанда да абай болуға кеңес берді. Себебі белгілі бір халыққа түсінікті тұрақты тіркестің мағынасын басқа мәдени ортада дәл жеткізу қиын болуы мүмкін. Ол Мысарда Польша Президенті Лех Валенсаның қатысуымен өткен кездесулердің бірінде болған жағдайды еске алды.

– Кездесу барысында саясаткер поляк тілінде бір мақал айтты. Мен оны аударуым керек. Ол мақалдың қазақша аудармасы «қалақайдың арасында жалаңаш отырғандай сезіндім» дегендей. Мен сол кезде: «Бітті!» деп ойладым. Мұндай сөзді арабтарға қалай аударуға болады? Египетте қалақай жоқ. Оны аудару өте қиын, мысалы, - деді спикер күліп.

Бұдан бөлек, ол дипломатияда аудармашының қызметі сөзді бір тілден екінші тілге жеткізумен ғана шектелмейді. Кейде аудармашы келіссөз жүргізушіге жауапты ойлануға қосымша уақыт береді.

– Кейде мен сөйлесіп отырған адамның тілін жақсы білсем де, аудармашы сұраймын. Себебі ол адам сөйлегенде мен бәрін түсінемін, ал аудармашы аударып жатқан уақытта жауап туралы ойлануға уақыт болады. Сондықтан аудармашының тағы бір рөлі – уақыт беру, - деді дипломат.

Сонымен бірге Михал Лабенда ортақ тілді білу дипломатиялық қарым-қатынаста ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның сөзінше, адамның өзге халықтың тілінде сөйлеуі сенім орнатуға және өзара түсіністікті арттыруға ықпал етеді.

Бұған дейін аталмыш іс-шараға қатысқан Назгүл Қожабек жастар мен оқушылар жасанды интеллект құралдарын сабақтан бастап күнделікті кеңес алуға дейін пайдаланып жүргенін, сондықтан олардың ЖИ-ден алатын жауабының тілі қаншалықты дұрыс болатынына мамандар да жауапты екенін атап өткен еді.