«Үлкен жетілік» көшбасшылары саммитке қатысу үшін Канадаға барды
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлыбритания, Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония және АҚШ елдерінің жыл сайынғы кездесуі жексенбі күні Альберта провинциясындағы Канадалық Скалист тауларындағы Кананаскис қаласында басталды және сейсенбіге дейін жалғасады, деп хабарлайды The New York Times.

Саммиттің күн тәртібіне орман өрттері, әлемдік экономика және Украина мәселесі енгізілген. Алайда, көптеген көшбасшының басты мақсаты – АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесу.
G7 саммитіне мүше емес елдердің де бірқатар көшбасшысы шақырылған. Олардың қатарында Үндістан, Бразилия, Оңтүстік Африка, Мексика, Украина, Аустралия және Оңтүстік Корея, сондай-ақ НАТО Бас хатшысы бар.
Дүйсенбі күні G7 көшбасшылары күрделі тақырыптардың бірі саналатын жаһандық экономикаға және орман өрті мәселесіне назар аударады. Маңызды талқыланатын мәселелердің бірі – АҚШ, Канада және Мексика арасындағы еркін сауда жөніндегі келісім.
Сейсенбіде Украина мәселесі талқыланады. Оған Украина президенті Владимир Зеленский мен НАТО Бас хатшысы Марк Рютте қатысады.
Басқа маңызды мәселелер бойынша келіссөздер ықтимал түрде шағын топта немесе екіжақты форматта өтеді.
Канадалық ресми өкілдердің айтуынша, тараптар бұл жолы дәстүрлі бірлескен коммюнике – саммит қорытындысы бойынша ортақ мәлімдеме жариялаудан үміт үзген.
Негізгі назар G7 көшбасшыларының Таяу Шығыстағы немесе Украинадағы соғысқа қатысты үйлестірілген мәлімдеме жасай алу-алмауына және АҚШ-тың күн тәртібіндегі маңызды мәселелер бойынша дәстүрлі одақтастарынан қаншалықты алыстап кеткеніне бағытталып отыр.
Бұл кездесу Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуы аясында өтіп жатыр.