Ұлт көшбасшысының ұлы идеясын баянды етуге бар күш-жiгерiмiздi саламыз - Б.Әбдішев
Бес мыңға жуық адам қатысқан шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов пен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - Секретариат меңгерушісі Ералы Тоғжанов арнайы келді.
«Елбасымыздың «Ұлы жолда ұлы мұратты мақсат етіп қоя білген ел ғана биіктерді бағындырады» деген сөзі бар. Бұл - өмірдің өзі дәлелдеген шындық! Дамудың даңғыл жолына түскен, бүгінгі тәуелсіз Қазақ елі - осының айқын айғағы. Қаншама ғасырды артқа тастап айбынды мемлекетке айналдық. Көздеген мақсат-межемізге жеттік. Ең бастысы - сана оянды, рух сілкінді. Ендігі мақсат, өмірлік өршіл мұратымыз - ұлтты ұйыстыратын, ұлы мақсаттарға жетелейтін «Мәңгілік ел» идеясы», - деді Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев.
Аймақ басшысы Елбасының аталған ұлттық идеясын жүзеге асыру барша қазақстандықтардың азаматтық міндеті екенін де атап өтті.
«Әсіресе, жүрегі жұртым деп соққан біздің қарағандылық жастар үшін бұл міндеттің маңызы тіпті ерекше. Себебі, Қарағанды - Елбасымыз еңбек жолын бастаған алғашқы аймақтың бірегейі. Сондықтан бiз, қарағандылықтар, Ұлт көшбасшысының ұлы идеясын баянды етуге бар күш-жiгерiмiздi саламыз. Мыңдаған жастар жиналған бүгiнгi патриоттық шара - осының айқын дәлелi», - деді облыс әкімі.