Ұлт үніне айналған Олжас Сүлейменов 90 жасқа толды

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Бүгін ақын, жазушы, әдебиеттанушы, көрнекті түркітанушы әрі дипломат Олжас Сүлейменов 90 жасқа толды. 

Олжас Сүлейменов
Фото: adebiportal.kz

Олжас Сүлейменов 70 жылдан астам уақыт бойы адамзат өркениеті мен Ұлы даланың үнін жалғаған рухани көпірге айналды.

Оның есімі тек әдебиетпен емес, Кеңес одағының соңғы кезеңіндегі ең ірі қоғамдық қозғалыстардың бірі – ядролық сынақтарға қарсы «Невада – Семей» қозғалысымен де тығыз байланысты. Бұл қозғалыс ядролық сынақтарға қарсы күрестің символына айналып, тұтас халықтар мен құрлықтарды біріктірді.

Геологтан әдебиеттанушыға дейін

Олжас Сүлейменов 1936 жылғы 18 мамырда Алматыда дүниеге келген. Ол – қазақтың әйгілі батыры Олжабай батырдың тікелей ұрпағы. Әкесі Омархан Сүлейменұлы қазақ кавалериялық полкінде офицер болған, алайда сталиндік қуғын-сүргін жылдары жазықсыз жазаға ұшыраған. Кейін ғалым Лев Гумилев Олжасқа әкесімен Норильск лагерінде бірге отырғанын, сол жерде атылғанын айтқан.

1954 жылы мектепті аяқтаған Сүлейменов әуеліде әдебиеттен гөрі нақты ғылымдарға жақын болды. Сол себепті Қазақ мемлекеттік университетінің геология-барлау факультетіне түседі. Алғашқы мамандығы – инженер-геолог. Оқу жылдарының соңында геологиялық-барлау экспедицияларында жұмыс істеп, оқуын еңбекпен қатар алып жүрді.

1962-1971 жылдары ол «Казахстанская правда» газетінде әдеби қызметкер болып еңбек етті. Кейін «Қазақфильм» киностудиясында сценарийлік-редакциялық алқаның бас редакторы, ал «Простор» журналында журналистика бөлімінің меңгерушісі қызметтерін атқарды.

Олжас Сүлейменов
Фото Олжас Сүлейменовтің жеке архивінен

Дала тамыры мен ғарыш

Оның есімін әлемге танытқан шығарма – адамның ғарышты бағындырғанына арналған туынды болды.

1961 жылғы 11 сәуірде, Юрий Гагариннің ғарышқа ұшуынан бір күн бұрын, жас ақын «Казахстанская правда» газетінің редакторы Федор Боярскийдің өтінішімен бір түннің ішінде кейін аңызға айналған поэманың алғашқы жыр жолдарын жазып шықты.

12 сәуірде адамзаттың алғашқы ғарыш сапары жарияланған сәтте, өлең газетте жарық көріп үлгерген еді. Кейін осы мәтін жазылған парақшалар ұшақтардан Алматы мен Қазақстанның өзге қалаларының үстіне таратылды.

Тарихи оқиғадан ерекше әсер алған ақын бір апта ішінде өлеңді «Адамға табын, Жер, енді» поэмасына айналдырып, шығарма сол жылдың мамыр айында жарық көрді.

Кейін Сүлейменов бұл кезеңді «Менің поэмам орталық телеарна мен радиодан берілді, газеттерде жарияланды. Апта сайын дерлік түрлі қалаларда – зауыттарда, фабрикаларда, студенттік аудиторияларда кездесулер көрсеттім. Танымалдық дәл осылай келді» деп еске алған.

Кейін «Адамға табын, Жер, енді» деген жол Ресейдің Владимир облысындағы Юрий Гагарин қаза тапқан жерге орнатылған стелаға қашалып жазылды.

«Нұрлы түндер», «Шапағатты шақ», «Қыш кітап» жинақтары оны дала образын, философияны, тарих пен лингвистикалық ойлауды ұштастырған ақын ретінде танытты.

«Аз и Я» – тарихты қайта пайымдау

1975 жылы Сүлейменов «Аз и Я» атты еңбегін шығарып, ғылыми әрі рухани тұрғыдан нағыз серпіліс жасады. Бұл еңбек оның шығармашылығындағы ең маңызды әрі тағдырлы туындылардың біріне айналды.

«Игорь жасағы туралы жырдағы» түркі элементтеріне арналған зерттеуінде кеңестік ресми ғылым ұстанымына батыл түрде қарсы шықты.

Сүлейменов славян және түркі мәдениеттері ғасырлар бойы бір-біріне жау емес, керісінше терең әрі өзара ықпалдастықта болғанын дәлелдеп көрсетті.

Кітап жарық көргеннен кейін Мәскеуде қатаң идеологиялық сынға ұшырап, көп ұзамай тыйым салынды. Ал автор сегіз жыл бойы кітап шығару мүмкіндігінен айырылды.

Соған қарамастан, дәл осы еңбек қазіргі түркі-славистика ғылымының негізін қалады.

Олжас Сүлейменов
Фото: "Аз и Я" кітабынан

Ол ғылыми ізденісін тоқтатқан жоқ. 1998 жылы Римде «Жазу тілі» (адамзат жазуы мен тілінің шыққан тегі туралы) және «Құдайдың күлкісі» кітаптарын шығарды. 2001 жылы «Айқас параллельдер» (түркі-славян тілдері туралы), ал 2002 жылы ежелгі түркі тілдері мен жазуының бастауына арналған «Ежелгі түркілер» еңбегі жарық көрді.

Түркітану ғылымына қосқан үлесі үшін Күлтегін атындағы халықаралық сыйлықпен марапатталды.

Халық үнін жеткізген ақын

Олжас Сүлейменов тарихта сөз шебері ретінде ғана емес, нақты іс-әрекет адамы, ядролық қаруға қарсы қозғалыстың бастамашысы ретінде де қалды.

Бұл – қарапайым халықтың бастамасы тұтас одақтық биліктің шешіміне ықпал еткен сирек тарихи оқиғалардың бірі болды. Нәтижесінде Семей полигонындағы ядролық сынақтар толық тоқтатылып, 1991 жылғы 29 тамызда полигон біржола жабылды.

Олжас Сүлейменов
Фото: Олжас Сүлейменовтің жеке архивінен

Олжас Сүлейменов 2026 жыл басталар тұста Kazinform агенттігіне берген сұхбатында сол кезеңді еске алып:

«Сол уақытта Қазақстан халқы алғаш рет қырық жылдық нәубетке қарсы көтеріліп, өз қасіреті адамзаттың ортақ қайғысы екенін түсінді. 1990 жылдың мамыр айында Алматыда «Әлемдік сайлаушылар ядролық қаруға қарсы» ұранымен Халықаралық конгресс өткіздік. Сайлаушылар мен сайланатындар алғаш рет бір залда иық тіресе жұмыс істеп, ғасырдың маңызды мәселесін талқылауға қатысты» деген еді.

Саясат және дипломатия

1971-1981 жылдары Олжас Сүлейменов Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының хатшысы қызметін атқарды.

1972 жылдан бастап Азия және Африка елдері жазушыларымен байланыс жөніндегі Қазақ комитетін басқарды. Сондай-ақ 1975 жылы Алматыда өткен Азия және Африка елдері жазушыларының V конференциясын ұйымдастырушылардың бірі болды.

1970-жылдардың басынан 1980-жылдардың соңына дейін Азия және Африка елдерімен байланыс жөніндегі Кеңес комитеті төрағасының орынбасары қызметін қоса атқарды.

1977-1995 жылдары Қазақстан шахмат федерациясын басқарды.

1980-1984 жылдары Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі президиумының мүшесі, ал 1984-1991 жылдары КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.

1981 жылы КОКП-ның XXVI съезінің делегаты ретінде қатысты.

1981-1984 жылдары Қазақ КСР Кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетін басқарды.

1984-1992 жылдары Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы, КСРО Жазушылар одағы басқармасының хатшысы болды. Сонымен қатар «Детектив и политика» журналының редакциялық алқасының құрамына енді.

1992 жылдан бері – Қазақстан Жазушылар одағының құрметті төрағасы.

1991-1995 жылдары «Невада – Семей» қозғалысы негізінде құрылған «Қазақстан халық конгресі» партиясының жетекшісі, ал 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды.

1990-жылдардың ортасынан бастап Олжас Омарұлы дипломатиялық қызметке ауысты. Қазақстанның Италиядағы, Грекиядағы және Мальтадағы елшісі болды. Ал 2002 жылдан бастап ұзақ жылдар бойы Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі қызметін атқарды.

Осы кезеңде ол Еуропада Қазақстанның мәдени және дипломатиялық беделін танытуға белсенді үлес қосты.

Олжас Сүлейменов
Фото: Олжас Сүлейменовтің жеке архивінен

Халықаралық беделі

Олжас Сүлейменовтің шығармашылығы мен қоғамдық қызметі туған елінен тыс жерлерде де жоғары бағаланды.

Ол «Отан», І дәрежелі «Барыс», Қазан революциясы, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен және көптеген медальмен марапатталған. Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, «Қазақстанның Еңбек Ері» атағының иегері.

Сондай-ақ француздың Құрмет легионы орденінің кавалері және Жапонияның Күншығыс орденімен марапатталған.

Сүлейменовтің өлеңдері мен поэмалары ағылшын, француз, неміс, испан, чех, поляк, словак, болгар, венгр, моңғол, қырғыз, түрік және басқа да көп тілге аударылған.

Бүгінде Олжас Сүлейменов поэзияны, ғылымды және азаматтық ұстанымды тоғыстырған қазақстандық зиялы қауымның символы болып қала береді.

Оның поэзиясы ондаған тілге аударылды, ғылыми идеялары әлі күнге дейін қызу талқыланып келеді, ал жаһандық қауіпсіздікке қосқан үлесі адамзат тарихында мәңгілікке жазылды.

Еске салайық, бұған дейін Олжас Сүлейменовтің мерейтойына арналған «Ұлт игілігі – ұлттық мұра» әдеби көрмесі ашылғанын жазғанбыз.