ҰЛТ ЖОСПАРЫ: Әлемнің 40-қа жуық елінде өмір сүретін қазақ диаспорасы өкілдері реформалық өзгерістерге жіті назар аударып отыр - Т. Мамашев

- Талғат Асылұлы, Елбасы елдің табысты болуы оның біртұтастығына байланысты екендігін қашанда айтып келеді. Көп ұлтты мемлекет ретінде Қазақстанның біртұтастығы, біртектілігі қандай қағидаларға негізделуі тиіс деп ойлайсыз?
- Өмірдің өзінен асқан ұлы ұстаз жоқ. Кез келген іс, бастама өмір шындығымен жанасқанда ғана мейлінше табысты болмақ. Қазақстанды дамыған елдер санатына қосу үшін Елбасы ұсынған бес реформа бағыттарының қай-қайсы да өмірмен өзектес нәрселер деп білемін. Өмір атты абыз ұстаздың ашқан алақаны қандай жұмсақ болса, керісінше, жұмған жұдырығы соншалық қатты екенін Елбасы үнемі айтып келеді. Бұл жайт, аталған реформаның «Болашағы біртұтас ұлт» бағытын белгілеу барысында мұқият ескерілгеніне мен өз басым тәнтімін. Себебі, көңілге әкелер алаңдаушылығы жиі, дүбірі мол қазіргі дүниеде ешбір ел, ешбір ұлт өз айналасындағы басқа халықтардың тарихы мен тағдырынан бөлек дами алмасы хақ. Біздің елімізде де солай. Тарихи жағынан Қазақстан көпұлтты мемлекет болып қалыптасқан, бұл барлығымыздың ойымызда тұруға тиіс ақиқат. Қазақстан тарихы түрлі кезеңдерде, әр түрлі жағдайларға байланысты елімізге қоныс аударып келіп, қазақ жерінде өсіп-өніп, өркен жайып отырған жүзден астам ұлт пен ұлыстардың өткені, бүгіні және келешегімен тығыз астасып жатыр. Сан түрлі этнос өкілдері өмір сүретін елімізде, оның азаматтарының бойында бөліну сезімдері болуға тиіс емес. Толеранттылық, төзімділік барша ұлт өкілдерінің бойынан табылуы маңызды. Елбасының «Бір ел - бір тағдыр» идеясын терең сіңіру - барша ұлт өкілдері үшін табыс кілті болмақ. Міне, осы айтылған жайттардың қазақ ұлты мен түрлі ұлыс өкілдеріне ғана емес, шетелдегі отандастарымызға да тікелей қатысы бар. Әлемнің 40-қа жуық мемлекетінде өмір сүретін қазақ диаспорасы өкілдері де қазіргі реформалық өзгерістерге жіті назар аударып отыр. Өздерінің ілгеріде жүріп өткен жолында сан түрлі қиындықты, алуан тарихты бастан кешкен қазақ диаспорасы өкілдері қазіргі дүние ауанын жақсы сезінеді. Өркениетті өмір сүру үшін ұлттар арасындағы татулық пен келісім, сыйластық болуы қажеттігін шетел қазақтары үнемі есте ұстайды. Болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру, заманауи мемлекет құру, орнықты экономикаға қол жеткізу тәрізді бағыттарды жүзеге асыруға өз үлестерін қосуға олар ықылас білдіріп отыр. Мұны диаспора өкілдерінің өз тарихи Отанына деген тілектестік күйінде қалдырмай, нақты қадамға, іске айналдыру - Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының басты міндеті болып отыр. Осыған байланысты Шетелдегі қазақ диаспорасын Қазақстандағы 5 институционалдық реформаны жүзеге асыруға қатыстыру жөніндегі 2015 - 2020 жылдарға арналған арнайы жұмыс жоспарын жасау жөнінде Үкіметке ұсыныс енгізілгенін айта кетуіміз керек.
- Елімізде тілдердің үштұғырлылығы саясаты жүргізіледі. Осы саясаттың маңыздылығы неде?
- Тәуелсіздік қазақ халқының маңдайына мемлекет құраушы ұлт болуды сыйлады. Кеңес кезеңі тұсында аға ұлттың айтуымен әрекет ететін Қазақстан егемендік алған соң, дербес дами бастады. Қазақ ұлты өз тағдыры үшін өзі жауапты болуға көшті. Мемлекет құраушы ұлт ретінде еліміздегі өзге ұлттардың дамуына да жауапты болуды естен шығарған жоқ. Соның нәтижесінде Қазақстан түрлі ұлттардың өсіп-өркендеу, өзара келісім мен сыйластыққа қол жеткізу алаңына айналды. Бұл жөнінен еліміз басқа посткеңестік елдердің бәріне үлгі боларлықтай жағдайға жетті. Шығыс халқына тән ерекшелігіміз бен далалық менталитетіміз бізді едәуір биіктерге көтергендігін қазір мақтанышпен айтуға болады. Талай елдерде ұлтаралық жанжалдың, араздастықтың себепшісіне айналған тіл мәселесі Қазақстанда оң шешілуде. Төзімділік - ақылды адамның, дегдар халықтың басты ерекшелігі десек, мұның жарқын көрінісін Тәуелсіздік жылдарынан кейінгі өмірімізден анық көруге болады. Елбасының үштұғырлы тіл төңірегіндегі саясаты жемісті нәтиже беруде. Кеңестік кезеңде қоғамдық өмірден мүлде алыстатылып, шетке ысырылып тасталған қазақ тілінің қазіргі жағдайы көңіл қуантарлықтай. Тілге байланысты ренішті пікір айтушылардың әлі де кездесетініне қарамастан, қазақ ұлты мен өзге ұлт өкілдері арасында қазақ тілінде сөйлеушілер қатары бұрынғы қай кездегіден де анағұрлым көп. Қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде де қоғам өмірінен лайықты орын табуда. Бұл ретте, меніңше, небәрі екі онжылдық ішінде айтарлықтай алғабасушылық пен ілгерілеушіліктерге қол жеткіздік. Асығыс әрекеттің жарға жығатынын білген бабалар салтына адалдық таныту, тіл саясатында, басқа да көптеген өзекті мәселелерде ақырын жүріп, анық басуды жөн санайтын Елбасы көрегендігіне түрлі ұлт өкілдерінің қай-қайсысы да разы деген ойдамын. Жалпақ жұрттың бәріне бірдей жағу мүмкін емес. Бүгінгі қазақстандық шындық осы: үштұғырлы тіл саясаты көпшілік көңілінен шықты! Тек қазақстандықтар ғана емес, сонымен бірге шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдері де, шетелдің белгілі сарапшылар мен саясаттанушылары, мемлекет қайраткерлері де «Ұлт жоспары» деп танып, жоғары бағалаған 5 институционалдық реформаның болашағы біртұтас ұлт қалыптастыру арқылы тіл мәселесінің алдағы кезде де оң шешіле беруіне ықпал етері даусыз. Үштұғырлы тіл елімізді өркениетке бастаудың негізгі алғышарты болып қала бермек. Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы шетел қазақтарының ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетті сақтауларына, ана тілді игерулеріне жәрдемдесу арқылы, сонымен қатар, қазақ тілінің қаймағы бұзылмаған ортадан, яғни Қытай мен Моңғолия тәрізді елдерден тарихи Отанға көшіп келіп жатқан қандастарымыздың жаңа ортаға бейімделулеріне ықпал ету арқылы бес институционалдық реформаның жүзеге асыруды өзінің басты міндеті санайды..
- Елбасы Мәңгілік Ел идеясының құндылықтарын оқытуды мектеп бағдарламасына енгізуді ұсынды. Осыған байланысты пікіріңізді білгіміз келеді.
- Мәңгілік Ел патриоттық құндылықтарын енгізу мектеп қабырғасынан, тіпті, балабақшадан басталуы тиіс деп санаймын. «Мәңгілік Ел» идеясы - кешегі бабаларымыздың аңсаған ұлы мұраттарымен, бүгінгі күн талаптарымен және болашақтың кемел келбетімен үндес ұғым. Ұлттық идеяға айналуға тиіс ұғым құндылықтарын жастардың бойына сіңіру ертерек қолға алынғаны, мектептерде арнайы бағдарлама ретінде енгені дұрыс.
- Әңгімеңізге рахмет.