Ұлт жоспары қоғамның барлық буыны белсенді қолдаған жағдайда жүзеге аспақ - А.Өтеғұлов, БҚО әкімінің бірінші орынбасары

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ұлт жоспарына байланысты реформалар қоғамның барлық буыны белсенді қолдаған және оған жоғары деңгейде қатысқан жағдайда тиімді жүзеге аспақ. Бұл туралы Зеленов ауданында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «100 қадам» Ұлт жоспарын түсіндіруге арналған жиында ақпараттық топ жетекшісі, облыс әкімінің бірінші орынбасары Арман Өтеғұлов мәлім етті.
None
None

А.Өтеғұловтың атап өткеніндей, жоспарды жүзеге асыру барысында еліміздің жүздеген заңнамаларына өзгертулер мен толықтырулар енгізілетін болады. Өйткені қолданыстағы заңды заманауи талаптарға сай жаңғыртпай, дамудың жаңа сатысына қадам жасаудың қисынсыз екендігін уақыт көрсетіп отыр. 2015 жылы еліміз мемлекеттік құрылысын одан әрі дамыту жолында ұлттық жетістікке жетуге қайталанбас тарихи мүмкіндікке ие болып отыр. Мұның бәрі Ұлт көшбасшысын, оның игі бастамаларын қолдауға негізделмек.

Зеленов, Ақжайық, Тасқала, Теректі аудандарының сот төрағалары мен судьялары, прокуратура, ішкі істер органдарының өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары, округ әкімдері қатысқан аталмыш жиында Ұлт жоспарының ІІ реформалық бағыты - заңның үстемдігін қамтамасыз етуде құқық қорғаудың түрлі салалары бойынша 19 қадамды іске асыру жөніндегі негізгі шаралар сөз болды.

БҚО сотының судьясы Ниязбек Ділдабеков ел азаматтарының сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету мақсатында бес сатылы жүйеден үш сатылы сот жүйесіне көшу жайын сөз етіп, судья лауазымына кандидаттарды іріктеу тетіктері, тағылымдамадан, бір жылдық сынақ мерзімінен өту, саладағы жұмыс өтілінің ескерілуі сияқты өзгерістер енгізу жайына тоқталды. БҚО сотының тағы бір судьясы Қабиболла Аманқұлов барлық сот процесіне бейне және таспаға жазу шаралары енгізілгендігін алға тарта отырып, судьяларға қандай да жазбаны тоқтатуға немесе редакциялауға мүмкіндік берілмейтінін жеткізді. Сондай-ақ жекеменшік сот орындаушылар институтын дамыта отырып, сот орындаушының мемлекеттік қызметінің уақыт өте қысқаратындығы айтылды.

Заңның үстемдігін қамтамасыз етуде құқық қорғаудың түрлі салалары бойынша 19 қадамды іске асыру жөніндегі негізгі шараларға тоқталған ақпараттық топтың өзге де мүшелері Ұлт жоспарының ІІ бағытында көзделген маңызды қадамдарға кеңінен тоқталып, атқарылу тетіктеріне түсінік берді.

Айта кетейік, Ұлт жоспарын жүзеге асыруға байланысты Батыс Қазақстан облысында бірнеше ақпараттық топ құрылып, олар аудандарда түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Соңғы жаңалықтар