Ұлт жоспарына сәйкес мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамытудың маңызы зор - А.Құтпанбетов, сарапшы

Оның айтуынша, Ұлт жоспарының 34-қадамына сәйкес мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті (МЖӘ) дамыту щеңберінде пенитенциарлық инфрақұрылымды жаңғырту, пенитенциарлық мекемелерді салуға, ұстауға және басқаруға жеке меншік секторды тарту жөнінде ұсыныстарды екшеу және осы салада халықаралық тәжірибені зерттеу, жобаларды құрылымдау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Бұл ретте 2015 жылдың 31 қазанында Елбасы «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» ҚР Заңына қол қойғандығын айта кетейік. Аталмыш Заңнын қабылдануына байланысты экономиканың барлық салаларында МЖӘ-ні қолдану ауқымы, қатысушылар мен шарттар түрлері кеңейтілді.
Пенитенциарлық салада МЖӘ тетігінің көмегімен жобаларды жүзеге асыру бойынша нақты атқарылған істерге келер болсақ, 2015 жылдың маусым айынан бастап жыл бойы МЖӘ орталығының алаңында ҚР Ұлттық экономика министрлігі, ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті, «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік жобаларын сүйемелдеу орталығы» ЖШС өкілдерінің, сонымен қатар әлеуетті инвесторлардың қатысуымен пенитенциарлық жүйе мәселелерін талқылауға қатысты кездесулер өткізіліп, оларда қаржыландыру шарттары және пенитенциарлық жүйедегі нақты тәжірибе жөніндегі мәселелер көтерілді.
Сонымен қатар МЖӘ орталығымен АҚШ, Ұлыбритания, Германия және Францияның аталған саладағы қалыптасқан тәжірибесі зерттелді. Зерттеу барысында мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігі бойынша жұмыс істеп жатқан нысандардың мысалында жобаны іске асырудың негізгі заңды, қаржылық және техникалық мәселелері пысықталды. Сонымен қатар түрлі елдердің құқықтық жүйелері де зерттеу барысында назардан тыс қалған жоқ. Одан бөлек, Франция заңнамасы бойынша концессиялық қатынастарды реттеу, соның ішінде бәсекелестік диалог тетігін қолдану мәселелері талқыланды.
Сарапшының пікірінше, бұл ретте ҚР ІІМ Қылмыстық атқару жүйесі комитеті ұсынған «Шымкент қаласында 1500 орындық түзеу мекемесін салу және басқару» жобасы секілді ірі жобаларды жүзеге асыру шеңберінде инвесторлардың пікірлерін есепке ала отырып, мемлекеттің ашық және дұрыс ұстанымын әзірлеу негізі қалануы тиіс.
-Сіздің мекеме аталмыш Заңға байланысты қандай жұмыстарға атсалысуда? Негізгі бағыттарына тоқтала кетсеңіз?
-Мемлекеттік-жеке меншік әріптестікті дамытуға қатысты Елбасының халыққа арнаған Жолдауында айтылған және Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген бюджет шығыстарын азайту құралы ретінде мемлекеттік-жеке меншік әріптестік тетігін қолдану және соны енгізу бойынша кең ауқымды әдіснамалық жұмыстар жүргізу туралы тапсырмасына сәйкес «Қазақстандық мемлекеттік-жеке меншік әріптестік орталығы» АҚ көлемді істер атқаруда. Мәселен, өткен жылдың желтоқсан айынан бастап кестеге сәйкес мемлекеттік басқарудың барлық деңгейлерінде және квазимемлекеттік секторлар бойынша кеңестер, оқыту семинарлары және нүктелі семинарлар, тармақты жиналыстар өткізілуде. Аймақтық жиындар ҚР Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, Қызылорда, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында және Астана қаласында өткізілді. МЖӘ тетігінің мүмкіндіктері мен тиімділігін, сонымен қатар «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» ҚР Заңын қоғамға кеңінен түсіндіруді көздейтін аталмыш жиналыстарға орталық және өңірлік жергілікті атқарушы органдар, квазимемлекеттік сектор, сондай-ақ бизнес құрылымдарының өкілдері қатысты. МЖӘ тетігі жеке меншік тараптың қатысуынсыз жүзеге аспайтындығы анық, бұл тұрғыда Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірге, сонымен қатар МЖӘ орталығының алаңында шетелдік және отандық инвесторлармен кездесулер, дөңгелек үстелдер, конференциялар тұрақты түрде өткізіліп жатыр. Тағы да бір айта кететін жайт, «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» ҚР Заңының қабылдануы МЖӘ жобаларын экономиканың барлық саласында жүзеге асыруға мүмкіндік туғызды. Осы орайда МЖӘ орталығы еліміздің барлық өңірлерінде жоспарланып және жүзеге асырылып жатқан жобаларға күнделікті қолдау көрсетуде.
«Қорыта айтқанда, Заңның қабылдануымен туындаған жаңа мүмкіндіктер, жобалардың барлық салаларды жүзеге асырылуы, сонымен қатар МЖӘ орталығымен осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстар мемлекеттік-жеке меншік әріптестіктің дамуына тың серпін береді деген ойдамыз», - деп түйіндеді ойын А.Құтпанбетов.