Ұлтаралық татулық - ел болашағының кепілі - С. Құсайынов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің және «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі Серік Құсайынов «Алматы Электр Станциалары» акционерлік қоғамының бөлімшесі - «ЖЭС-1» ЖШС (Жылу электр станциясы) еңбек ұжымымен кездесті.
None
None

Станцияның ауласында ашық ауада өткен жиынға станция басшылығы да қатысты. 

Депутаттыққа биыл наурыз айында Алматы қаласынан сайланған Серік Досымханұлы станция ұжымына Парламенттегі атқарылып жатқан жұмыстар, елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдай және саяси ахуал туралы жан-жақты әңгімелеп берді.

«Биыл еліміздегі әлеуметтік-экономикалық жағдай өткен жылмен салыстырғанда жақсы. Бірақ, мәселелер де жеткілікті. Олар негізінен әлемдік сипаттағы мәселелер. Оларды Елбасы ұсынған «Мәңгілік ел» патриоттық актісі аясында бірлесе шешуіміз қажет. Ең бастысы біз болашағы біртұтас ұлт болуға ұмтылып, ұлт аралық татулықты, бірлікті, өзара түсіністікті сақтауымыз керек. Террористік, экстремистік пиғылдағы теріс ағымдарға батыл түрде тойтарыс бере білу - басты міндеттердің бірі. Біз, сонда ғана барлық мәселені ретімен шеше отырып,  болашаққа батыл қадам жасай аламыз. Ұлтаралық татулық - ел болашағының кепілі», - деді С. Құсайынов.

Кездесу барысында депутат еңбек ұжымының әр түрлі сұрақтарына жауап берді.

Турбина цехының маманы Айдын Орынбекұлы кеңес заманында энергетика саласында істейтін азаматтарға электр жарығына қатысты 50 пайыздық жеңілдік болғанын, осы мәселе биыл станциядағы жиындардың бірінде көтерілгенін, бірақ әлі күнге дейін нақты жауап айтылмай келе жатқандығын ортаға салды.  

Бұл сұраққа Серік Құсайынов: «Мен басқа да жылу электр станцияларында болып жүрмін. Өзім де энергетика саласындағы еңбек өтіліме 30 жыл болған. Бірақ, ондай жеңілдік туралы естімеппін. Дегенмен, бұл жөнінде тиісті министрлікке сауал жолдап көрейін. Жалпы, энергетиктердің барлығына болмаса да, осындай станцияларда жұмыс істейтіндерге мүмкін жеңілдіктер қарастырылатын шығар деп ойлаймын», - деп жауап берді.

Бұдан кейін, жұмысшылардың бірі: «Жылу электр станцияларында жұмыс өте ауыр. Мұнда істейтін әйелдер 58 жасқа дейін өмір сүре алмайды. Олар алып штурвалдарды айналдырады. Жұмыс барысында біресе жер астына - 12 градус суыққа түседі, одан жер бетіне - плюс 6 градусқа көтеріледі. Сөйіп, 55 жасқа жетпей болдырады. Сол үшін, жылу электр станцияларында істейтіндерге зейнетке шығу мерзімі бойынша жеңілдік қарастырылса екен», - деген өтініш айтылды.  

Серік Құсайынов бұл өтінішті қолдайтындығын айтты.

«Әрине жұмыстарыңыз өте ауыр. Мен түсінемін. Біресе жер астына, біресе жер үстіне көтерілесіздер. Ылғалды жерде жұмыс істейсіздер. Мысалы, тау-кен саласында да жұмыс ауыр. Мен өз басым бұл өтініштеріңізде қызу қолдаймын. Алдағы күзде жұмысқа шыққанда, тиісті министрлікке сауал жолдап, осы мәселені міндетті түрде көтеремін», - деді депутат.

Кездесуден соң, С. Құсайынов станция басшылығымен станцияның цехтарын аралап көрді.

Айта кетелік, қазір «ЖЭС-1» жұмысы тоқтап тұр. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Күзде жылу маусымы басталған кезде станция қайта іске қосылатын болады. 

Соңғы жаңалықтар