Ұлттар лигасы: Қазақстан құрамасы қандай нәтиже көрсетеді

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы UEFA Ұлттар лигасындағы алғашқы ойынын Норвегияға қарсы өткізеді. Ел құрамасы аталған сында қалай ойын көрсетеді? Мүмкіндігіміз қандай? В лигасындағы орнымызды сақтап қала аламыз ба? Футболшылардың дайындығы қалай? Kazinform тілшісі ұлттық құраманың аталған турнирдегі ойын көрсету мүмкіндігін таразылап көрді.

Футбол
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Тәжірибелі қарсыластармен бақ сынаймыз

Биыл Ұлттар лигасы төртінші мәрте жалауын көтерді. Айта кетерлігі, ел құрамасы онда әртүрлі деңгейде ойын көрсетті. 2018/19 жылғы маусымда қазақстандық футболшылар D лигасы бірінші тобында бақ сынады. Онда ел құрамасы Грузияға 0:2, 1:2 есебімен есе жіберсе, Латвиямен екі мәрте 1:1 есебіне қанағат білдірді. Ал Андоррамен сырт алаңда 1:1 есебімен тең ойнаса, өз алаңында оларды 4:0 есебімен сүріндірді. Нәтижесінде өз тобында 6 ұпаймен екінші орынға жайғасты.

Одан кейінгі 2020/21 жылғы маусымда ел құрамасы сәтсіз ойын көрсетті. С лигасында төртінші топта ойнаған қазақстандық футболшылар сырт алаңда Литваны 2:0 есебімен жеңіп, оларға өз алаңында 1:2 есебімен есе жіберіп қойды. Албаниямен елордада 0:0 есебімен тең ойнап, сырт алаңда оларға 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Ал Беларуське 1:2, 0:2 есебімен есе жіберді. Салдарынан небәрі 4 ұпаймен аталған топта көш соңында қалып қойды. Одан кейін Молдовамен өтпелі ойын өткізді. Сырт алаңда молдовалықтарды 2:1 есебімен тізе бүктіріп, өз алаңында дәл сол есеппен жеңілістің ащы дәмін татты. Пенальти тебуде қазақстандықтар 5:4 есебімен басым түсіп, С лигасындағы орнын сақтап қалды.

Ендігі кезекте 2022/23 жылғы маусымда С лигасы үшінші топта сынға түсуге мүмкіндік алды. Аталған турнирде ел құрамасы әзірге үздік көрсеткішке қол жеткізді. Алты кездесудің төртеуінде жеңіске жетіп, біреуінде тең ойнаса, біреуінде қарсыласына есе жіберді. Айта кетсек, Словакияны 1:0, 2:1 есебімен тізе бүктірді. Ал өз алаңында Беларусьті 2:1 есебімен жеңсе, сырт алаңда 1:1 есебімен тең ойнады. Әзербайжаннан елордада 2:0 есебімен басым түссе, сырт алаңда 0:3 есебімен жеңілді. Нәтижесінде аталған топта 13 ұпаймен бірінші орын алып, В лигасына жолдама алды. Сондай-ақ бұл нәтижесі арқылы 2024 жылғы Еуропа чемпионаты плей-офф сатысында Грекиямен ойнап, оларға 1:5 есебімен жеңілді.

Ел құрамасы В лигасы үшінші тобында Норвегия, Словения және Австрия құрамаларымен сынға түседі.

«Шынында, В лигасында тәжірибелі құрамалар сынға түсетінін жақсы білеміз. Өйткені, олардың кейбірі өткен маусымда А лигасында ойнаса, ендігісі С лигасында біз секілді үздік нәтижеге қол жеткізген. Ешқайсысы қолда бар ұпайын ешкімге ұстатқысы келмейді. Аталған лигадағы ойындар біздің мықты жағымыз бен әлсіз тұсымызды көрсетеді. Қазақстандық футболшылар Эрлинг Холанд пен Мартин Эдегор сынды жұлдыздарға қалай қарсылық көрсете алады? Жанкүйерлер әрбір кездесуде өз құрамамыздан үздік нәтиже күтетіні анық», - дейді бұрынғы кәсіби футболшы Нұрлан Әбуов.

Бас бапкердің қаншалықты білікті ?

Биыл маусым айында Қазақстан құрамасының бас бапкері қызметіне ресейлік маман Станислав Черчесов тағайындалды. Ол ұлттық құрама тізгінін ұстаған 18-ші бапкер ретінде ерекшеленеді.

Станислав Черчесов футболшы мансабында Ресейдің «Спартак» (Орджоникидзе), «Спартак» (Мәскеу), «Локомотив» (Мәскеу) және Германияның «Динамо» (Дрезден) клубтарында ойнаған. Бапкерлік қызметінде Ресейдің «Спартак» (Мәскеу), «Жемчужина», «Терек», «Амкар», «Динамо» (Мәскеу) сынды командаларда еңбек етті. Сондай-ақ ол Ресей құрамасы, Польшаның «Легия», Венгрияның «Ференцварош» командаларының бас бапкері болды. Бапкерлік мансабында Ресей чемпионатының күміс жүлдегері атанса, Польша чемпионы, Польша кубогының жеңімпазы атанды. Оған Венгрияның екі мәрте чемпионы және кубогының иегері болды. Ресей құрамасымен 2018 жылғы әлем чемпионатының 1/4 финалына дейін жетті.

«Алдымызда маңызды ойындар бар. Біз спортшылармыз. Жанкүйерлер сенім артқаннан кейін қолымыздан келгеннің бәрін істеуіміз керек. Ұлттар лигасында алдымызға үлкен мақсат қоямыз. Біз жоқ дегенде В дивизионында қалуға тиістіміз. Бірақ ең маңызды міндет – әлем чемпионатының іріктеу матчтарына дайындалу», - деді Станислав Черчесов бапкерлік қызметтегі алғашқы баспасөз мәслихатында.

Тәжірибелі маман қазақстандық футболшылардың жақсы нәтижеге қол жеткізуне күш салады деген ойдамыз. Оған барлық мүмкіндік бар. Оның айтуынша, мақсат – максималды нәтижеге жету.

«Біз енді С лигасында емес, В лигасындамыз, ал қағаз жүзінде қарсыластар бізден мықтырақ, мұны мойындауымыз керек. Ертең бірінші әрі маңызды ойын. Біз бәрін басынан бастаймыз және Ұлттар лигасы арқылы әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне дайындалуға бар күшімізді саламыз», - деді Станислав Черчесов кеше өткен баспасөз мәслихатында.

Үміт күткен үздіктер кімдер?

Ресейлік бапкер алдағы екі ойынға тәжірибелі футболшыларды шақырды. Олардың арасында жаңадан қосылғандар жоқ. Тек қақпашылар қатарында елордалық «Жеңісте» ойнайтын Темірлан Анарбеков қатарға қайта қосылса, шабуыл шебін Айбар Жақсылықов («Қайсар»), Оралхан Өміртаев (БАТЭ, Беларусь), Рамазан Кәрімов («Астана») нығайта түсетін болады.

Ойыншылардың тізімі төмендегіше:

Қақпашылар: Игорь Шацкий («Ақтөбе»), Александр Заруцкий («Астана»), Стас Покатилов («Тобыл»), Темірлан Анарбеков («Жеңіс»);

Қорғаушылар: Сергей Малый («Ордабасы»), Роман Асранкулов, Еркін Тапалов (екеуі де – «Тобыл»), Александр Марочкин, Ян Вороговский, Марат Быстров (барлығы – «Астана»), Михаил Габышев («Елімай»), Әлібек Қасым («Ақтөбе»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Лев Скворцов («Шинник», Ресей), Талғат Кусяпов («КАМАЗ», Ресей);

Жартылай қорғаушылар: Асхат Тағыберген, Бауыржан Исламхан, Айбол Әбікен (барлығы – «Ордабасы»), Рамазан Оразов («Силькеборг», Дания), Арман Кеңесов («Ақтөбе»), Бақтиер Зайнутдинов («Бешикташ», Түркия), Абзал Бейсебеков, Эльхан Астанов (екеуі де – «Астана»), Ислам Чесноков («Тобол»);

Шабуылшылар: Абат Айымбетов («Адана Демирспор», Түркия), Айбар Жақсылықов («Қайсар»), Оралхан Өміртаев (БАТЭ, Беларусь), Рамазан Кәрімов («Астана»);

Айта кетсек, аталған кездесуде Бақтиер Зайнутдинов тағы бір мәрте гол соқса, ұлттық құраманың үздік сұрмергені көшінде өзгелерден ұзай түседі. Сондай-ақ Сергей Малый мен Исламбек Қуат жасыл алаңға шықса, ұлттық құрама сапында ең көп ойын өткізген футболшылар тізіміндегі көрсеткішін жақсарта түседі.

Еске салсақ, Ұлттар лигасындағы Қазақстан және Норвегия кездесуі қазақстандық уақытпен 19:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.