Ұлттар лигасы: Португалия мен Хорватия тең нәтижеге қанағат білдірді
АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан UEFA Ұлттар лигасы алтыншы турының екінші ойын күні өтті.

А лигасы бірінші тобында сынға түскен Португалия бұл күні сырт алаңда Хорватиямен жасыл алаңға шықты. Өткен турда плей-офф сатысына ертерек жолдама алып қойған португалиялық футболшылар соңғы турда да жеңіске жетуге күш салды.
Ойынның 33-минутында олардың қатарында Жоао Феликс есеп ашса, 66-минутта хорватиялық Йошко Гвардиол таразы басын теңестірді. Кездесуде құрамалар 1:1 есебімен тең тарқасты.
Бұл топтағы Польша Шотландияға 1:2 есебімен есе жіберді.
Сондай-ақ аталған лиганың төртінші тобында сынға түскен Испания құрамасы Швейцарияны 3:2 есебімен жеңсе, Сербия мен Дания 0:0 есебімен тең ойнады.
Ал С лигасы екінші тобында Косово Литваны 1:0, Румыния Кипр 4:1 есебімен жеңсе, үшінші топта Люксембург пен Солтүстік Ирландия 2:2, Болгария мен Беларусь 1:1 есебіне қанағат білдірді.
D лигасы бірінші тобында Лихтенштейн құрамасы Сан-Мариноға 1:3 есебімен жеңілді.
Еске салсақ, Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасы сырт алаңда Норвегиядан ойсырай жеңілді.