Ұлттар лигасы: Қазақстан құрамасы Беларусьтен есе қайтара ала ма

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін UEFA Ұлттар лигасының екінші турында Қазақстан құрамасы өз алаңында Белаарусьты қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан С лигасының төртінші тобында сынға түседі. Қарсыластары - Албания, Беларусь және Литва құрамалары.

Қазақстандық құрама 4 қыркүйекте сырт алаңда Литваны 2:0 есебімен жеңіп қайтты. Осылайша доп додасын сәтті бастады. Ал Беларусь өз алаңында Албанияға 0:2 есебімен есе жіберді. Турнир кестесінде қазақстандық футболшылар Албания құрамасы екеуі алғашқы екі орынды өзара бөлісіп тұр.

Бүгінгі қарсылас - Беларусь құрамасы қазақстандық жанкүйерлерге жақсы таныс. Екі құрама бұған дейін үш мәрте жасыл алаңда кездескен. Алғашқыда олардың жолы 2010 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында түйісті. 2009 жылдың 1 сәуірінде Алматыда өткен ойында қазақстандық құрама аталған қарсыласына 1:5 есебімен жол берді. Ал сол жылдың 10 қазанында Беларусьтың Брест қаласындағы кездесуде алаң иелері Қазақстан құрамасынан 4:0 есебімен басым түсті.

Беларусь футбол федерациясы 1989 жылы құрылған. 1992 жылы FIFA мүшелігіне қабылданса, 1993 жылдан бастап UEFA құрамында бақ сынап келеді. Содан бергі уақытта аталған құрама жоғары жетістігімен көзге түсе қойған жоқ. Еуропа құрлығындағы ортанқол құрама қатарында саналады. Ұлттар лигасының 2018/2019 жылғы маусымында Д лигасының екінші тобында Люксембург, Молдавия және Сан-мариномен сынға түскен беларусьтік футболшылар бірінші орынға ие болды.

Беларусь құрамасында негізінен жергілікті чемпионатта ойын көрсететін футболшылар саны басым. Сондай-ақ, құрамда Ресейдің «Краснодарының» намысын қорғап жүрген Александр Мартынович, «Урал» клубында доп тебетін Николай Золотов, Туланың «Арсеналының» ойыншысы Юрий Ковалев, «Локомотив» шабуылшысы Виталий Лисакович бар. Сондай-ақ, қазақстандық клубтарда доп тебетін Никита Наумов («Жетісу») пен Макс Эбонг («Астана») бар.

Қазақстан мен Беларусь құрамалары арасындағы кездесу Алматы қаласында 7 қыркүйекте елорда уақытымен 20.00-де басталады. Ойын Qazsport телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі.

Соңғы жаңалықтар