Ұлттар лигасы: Қазақстан Литвадан жеңіліп қалды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - UEFA Ұлттар лигасындағы Қазақстан мен Литва құрамалары арасындағы кездесу аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттар лигасы: Қазақстан Литвадан жеңіліп қалды

Бүгінгі кездесу қос құрама үшін де маңызы зор болды. Жеңгені өз тобында үшінші орынға тұрақтап, алдағы уақытта С лигасында ойнау мүмкіндігін сақтап қалатын еді. Жеңілгені дүбірлі доданың келесі жарысында D лигасына төмендейтін қос құраманың қатарына қосылуы мүмкін. Айта кетелік, С лигасында өз тобында төртінші орынды місе тұтқан төрт құрама жеребе арқылы екі жұп құрайды. Бұл жұптарда жеңілгені төменгі лигаға түсіп қалады.

Ойын қазақстандықтар үшін сәтті басталған еді. Кездесудің 38-минутында қазақстандық шабуылшы Абат Айымбетов есеп ашты. Ал 40-минутта оған литвалық Модестас Воробьёвас бір голмен жауап қайырды. Есеп 1:1. Бірінші кезең осы есеппен аяқталды.

Екінші кезеңде алаң иелері тағы да гол соғуға ұмтылды. Дегенмен көздеген мақсатына жете алған жоқ. Есесіне 94-минутта литвалық Арвидас Новиковас қорытынды есепті белгіледі. Қазақстан құрамасы қарсыласынан 1:2 есебімен жеңіліп қалды.

Естеріңізге сала кетелік, екі құрама С лигасы төртінші тобында сынға түседі. Олардан өзге Албания және Беларусь құрамалары бар. Соңғы екі құрама да дәл қазір ойын өткізіп, албаниялық футболшылар 3:2 есебімен жеңіске жетті.

Қорытынды турнир кестесінде 11 ұпаймен көш бастап, алдағы уақытта В лигасында бақ сынауға жолдама алды. Одан кейінгі орындардағы Беларусьтің 10, Литваның 8 ұпайы бар. Соңғы орындағы Қазақстан еншісінде 4 ұпай жазылған.

С лигасында биыл Кипр, Эстония, Молдова құрамалары да төртінші орын алды.

Бұдан бұрын Қазақстан құрамасы Албаниядан 1:3 есебімен жеңіліп қалды.