Ұлттар лигасы: Қазақстан мен Беларусь құрамаларының кездесуі қайда өтеді
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - UEFA Ұлттар лигасының екінші турында Қазақстан құрамасы 7 қыркүйекте өз алаңында Белаарусьты қабылдайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған кездесу Алматы қаласында елорда уақытымен 20.00-де басталады. Ойын «Qazsport» телеарнасында тікелей эфирде көрсетіледі.
Екі құрама бұған дейін үш мәрте шеберлік байқасты. Алғашқыда олардың жолы 2010 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында түйісті. 2009 жылдың 1 сәуірінде Алматыда өткен ойында қазақстандық құрама аталған қарсыласына 1:5 есебімен жол берді. Ал сол жылдың 10 қазанында Беларусьтың Брест қаласындағы кездесуде алаң иелері Қазақстан құрамасынан 4:0 есебімен басым түсті.
2011 жылдың 9 ақпанында екі құрама Түркияның Анталия қаласында жолдастық кездесу өткізді. Бұл ойында 1:1 есебі тіркелді.
UEFA Ұлттар лигасында қазақстандық футболшылар бір ойын өткізіп үлгерді. Сырт алаңда Литвадан 2:0 есебімен басым түсті.
Беларусь құрамасы өз алаңында дәл осындай есеппен Албаниядан сүрінді.
Фото: kff.kz