Ұлттар лигасы: Қазақстан мен Латвия тең түсіп жатыр
АСТАНА. ҚазАқпарат - Дәл қазір футболдан Ұлттар лигасы Д дивизионы бірінші тобында Қазақстан құрамасы сырт алаңда Латвиямен кездесіп жатыр.
Аталмыш ойында біздің құрама сапында Ненад Эрич, Абзал Бейсебеков, Евгений Постников, Сергей Малый, Дмитрий Шомко, Исламбек Куат, Бактиер Зайнутдинов, Бауыржан Исламхан, Георгий Жуков, Роман Муртазаев, Алексей Щеткин сынды жігіттер алғашқы минуттан жасыл алаңға шықты. Ал Латвия сапында Андрис Ванин, Виталий Максименко, Каспарс Дубра, Виталий Ягодински, Робертс Савальниекс, Ритварс Ругинс, Вячеслав Исаев, Иван Лукьянов, Артур Карашаускс, Валерий Шабала, Денис Ракель секілді футболшылар біздің жігіттерге қарсы тұрды.
Ойын екі құраманың алма-кезек шабуылмен өрбіді. Десе де Қазақстан құрамасының басымдығы аңғарылып тұрды. Есепті біздің құрама 16-минутта ашты. Оны Бактиер Зайнутдинов өзінің еншісіне жазды. Ал 40-минутта латыштар таразы басын теңестіріп кетті. Оны Қостанайдың «Тобылында» ойнайтын латыш футболшысы Артур Карашаускис соғып кетті.
Сондай-ақ, дәл қазір осы топтағы Грузия мен Андорра құрамалары да кездесуде. Алғашқы кезеңнен кейін 1:0 есебімен грузиндер алда келеді.