Ұлттық банк ақша айырбастау пункттерін 2 жылда ғимаратын қауіпсіз етуге міндеттеді
АСТАНА. KAZINFORM — Қаржы ұйымдарында кассалық үй-жайларды жайластыруға қойылатын талаптарды халықаралық стандарттарға сәйкестендіру үшін екі жыл уақыт берілмек. Бұл туралы Ұлттық банктің ресми сайты жазды.

— Қазақстан Ұлттық банкі «Екінші деңгейдегі банктердің, Қазақстан Республикасының бейрезидент банктері филиалдарының, Ұлттық пошта операторының, банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғалардың және қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғалардың үй-жайларын күзетуді және жайластыруды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» ҚҰБ 2020 жылғы 24 ақпандағы № 14 Басқарма қаулысына) өзгерістер енгізілгені туралы хабарлайды. Бұл өзгерістер (кассалық торап үй-жайларына қатысты) жекелеген нормаларды үй-жайларды бұзу және ену қатерлерінен қорғаудың өзекті әдістері көрсетілген ұлттық және мемлекетаралық стандарттардың талаптарына сәйкес келтіру аясында енгізілді, — деп жазылған құжатта.
Жаңартылған талаптар кассалық торап үй-жайларындағы терезе ойықтарын қорғау мақсатында орнатуға рұқсат етілген жабдықтардың тізбесін кеңейтуді, сондай-ақ сейф бөлмелеріне қойылатын қауіпсіздік талаптарын өзектендіруді көздейді.
— Бұл шаралар қызметкерлердің қауіпсіздігін арттыруға, құндылықтарды сақтауға және үй-жайлардың эстетикалық келбетін қамтамасыз етуге бағытталған. Енгізілетін өзгерістерге сәйкес үй-жайларды бейімдеу қаржы ұйымдарының шығыстарына тікелей әсер ететінін ескере отырып, өтпелі кезең көзделген. Яғни, қаржы ұйымдары 2 жыл ішінде (ресми жарияланған сәттен бастап) кассалық операцияларды жүзеге асыруға арналған үй-жайларды сәйкестендіруге тиіс. Сондай-ақ, Ұлттық пошта операторы қызметінің әлеуметтік құрамдас бөлігін ескере отырып, оған қатысты жеке өтпелі кезең 5 жыл ішінде көзделді, — деп жазады Ұлттық банк сайты.
Еске салсақ, былтырғы қарашада Павлодар қаласындағы банк бөлімшесі ғимаратының қабырғасы ломмен бұзылғаны мәлім болған.