Ұлттық банк антифрод-орталық арқылы 2,2 млрд теңгенің алаяқтық әрекетін бұғаттаған
АСТАНА.KAZINFORM - Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі, цифрлық трансформация басшысы Бинұр Жаленов интернет алаяқтықтың алдын алуға арналған антифрод-орталық жұмысының нәтижесін мәлім етті.

Оның сөзінше, 2024 жылдың 22 шілдесінде іске қосылған орталық жүйесіне бүгінде 150-ге жуық банк, микроқаржы және төлем ұйымы қосылған.
- Бүгінгі таңда жалпы сомасы 2,2 млрд теңгеге 58 мыңға жуық оқиғаның алдын алды. Бұл ретте біз алаяқтықпен күресу құралдарын дамыту бойынша әлі де көп жұмыс істеу керек екенін анық түсінеміз. Себебі мәселе өте ауқымды. Біздің ойымызша, Ұлттық банктің, Қаржы нарығын реттеу агенттігінің, құқық қорғау блогының және жалпы Үкімет алаяқтыққа қарсы іс-қимылдың тұтас экожүйесін құруға тиіс, - деді Бинұр Жаленов.
Еске салсақ, ІІМ алаяқтықтың жаңа түріне байланысты қазақстандықтарға үндеу жасаған еді.