Ұлттық банк банктер үшін ең төменгі резервтік талаптарды арттырады
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк басқармасы 2025 жылғы 25 шілдеде «Қазақстан Республикасы Ұлттық банкі басқармасының кейбір қаулыларына ең төмен резервтік талаптар мәселесі бойынша өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» қаулыны бекітті.

Өзгертулер ЕТРТ құралын Ұлттық банктің ҚРҰБ ақша-кредит саясаты құралдарын жетілдіру және антиинфляциялық бағытты күшейту аясында енгізіледі.
— Ұсынылып отырған түзетулер ЕАЭО, Орталық Азия және Кавказ елдері орталық банктерінің халықаралық ЕТРТ қолдану тәжірибесін зерделеп, талдау негізінде әзірленді. Осы елдерде (Қазақстанды есепке алмағанда) ұлттық валютадағы міндеттемелер бойынша ЕТРТ нормативтерінің орташа деңгейі 4–4,5%-ды, ал шетел валютасындағы міндеттемелер бойынша шамамен 15%. Қазақстанда ЕТРТ нормативтерінің деңгейі аймақта ең төмені болып келді — теңгедегі міндеттемелер бойынша тиімді мөлшерлеме — 1,3%, ал шетел валютасындағы міндеттемелер бойынша — 2,5%.
Құжатта мынадай нормативтер белгіленеді: теңгедегі міндеттемелер бойынша — 3,5% және 5%, валюталық міндеттемелер бойынша — 10% және 15%. Бұл ретте банк секторын енгізілетін өзгерістерге бейімдеу мақсатында МРТ нормативтері мақсатты деңгейге кезең-кезеңімен бір жыл ішінде көтеріледі, — делінген хабарламада.
Жұмыс барысында ҚРҰБ тарапынан нарық өкілдерімен бірқатар кездесу өткізілді, онда халықаралық тәжірибе мен ЕТРТ механизміне жоспарланып отырған өзгерістер таныстырылды. ҚРҰБ сараптамалық-талдамалық пікір алмасу клубы аясында қаржы нарығы мен академиялық қауымдастық өкілдерінің және сарапшылардың қатысуымен, сонымен қатар, банктердің бірінші басшыларымен, өкілдерімен және Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының өкілдерімен бірнеше кездесу өтті.
— Қабылданған шаралар ақша агрегаттарының шамадан тыс өсуін төмендетуге, ақша-кредит саясатының трансмиссиясын жақсартуға мүмкіндік береді, бұл инфляцияға қарсы күрестің тиімділігін арттырады.
Ұлттық Банктің басты мақсаты — инфляцияны 5%-ға дейін төмендету. Осы мақсатқа қол жеткізу үшін қолда бар барлық құрал пайдаланылады. Төмен және тұрақты инфляция — бұл теңгенің сатып алу қабілетін, азаматтардың еңбек табысын сақтау, сондай-ақ теңгерімді әрі орнықты экономикалық өсім үшін қолайлы ортаны қамтамасыз етудің негізі саналады, — делінген Ұлттық банк хабарламасында.
Айта кетелік Ұлттық банк валюталық интервенцияға қатысты мәлімдеме жасаған еді.