Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,5% деңгейінде қалдырды

АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.

Национальный банк Казахстана Қазақстан Ұлттық банкі
Фото: Әділет Беремқұлов / Kazinform

Шешім қабылданғанда нақты деректер, жаңартылған болжамдарды талдау мен инфляция тәуекелдерінің балансын бағалау көрсеткіштері ескерілді.

Мамыр айының қорытындысы бойынша жылдық инфляция 11,3%-ға жетті. Соңғы айларда бағаның өсуіне түрткі болған негізгі қозғаушы фактор – реттелетін тарифтер мен нарықтық қызметтердің айтарлықтай қымбаттауына байланысты сервистік инфляция болып отыр.

Бағаның өсу қарқыны азық-түлік тауарлары бойынша да жеделдегені байқалды. Мамырда айлық инфляция тарихи динамикадан айтарлықтай асып, 0,9% болды. Базалық және маусымдық әсерлерден тазартылған инфляция көрсеткіштері бір жылға есептегенде тиісінше 10,1%-ды және 11,4%-ды құрады. Осының барлығы тұтынушылық сұраныстың қайта артуынан, өндіріс шығындарының өсуінен, сондай-ақ фискалдық ынталандырудың жалғасуынан бағаға қысым сақталып отырғанын көрсетеді.

Мамырда халықтың инфляциялық күтулері сәуірдегі 12,2%-ға қарағанда 14,1%-ға дейін өсті. Бұл келешек инфляцияға қатысты құбылмалылық пен белгісіздік сақталып қалғанын көрсетеді.

Сыртқы сектор тарапынан да бағаға қысым күшейе түсті. Бұл Ресейдегі жоғары инфляцияның сақталуына, жоғары сұраныс пен валюталық ауытқулар аясында әлемдік азық-түлік бағасының өсе түсуіне, сондай-ақ сауда қақтығыстарының күшеюінен және шикізат тауарлары бағасының құбылмалылығынан туындаған жоғары белгісіздікке байланысты. Жаһандық баға орнықты түрде өсу үрдісінде қалды. Сауда-саттықтағы шиеленіс инфляциялық тәуекелдерді күшейтіп, өнеркәсіп пен қызмет көрсету секторында іскерлік белсенділікті тежей түсті.

Осы жағдайларда нарық тарапынан саясатты одан әрі жұмсартуға қатысты күтулер болғанымен, орталық банктердің риторикасы әлі де ұстамды қалпын сақтап отыр.

Осыған дейін Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті  базалық мөлшерлемені +/- 1 пайыздық тармақ дәлізімен жылдық 16,5% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдағаны туралы жаздық. 

 

 

Соңғы жаңалықтар