Ұлттық банк биыл сыртқа алтын сатудан түскен 6 млрд долларды ішкі нарыққа салмақшы
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов қазақстандық алтын өндірушілерден теңгеге сатып алған алтынды сыртқа сатудан ішкі нарыққа қанша доллар қосылатын айтты.

— Ұлттық банк биыл отандық алтын өндірушілерден алтын сатып алып, оны сыртқа сатып, түскен долларды ішкі нарыққа сату шарасын қолға алды. Биыл қанша алтын сатуды жоспарлап отырсыздар? Одан ішкі нарыққа қанша доллар кіреді, — деп сұрады журналист базалық мөлшерлемеге арналған баспасөз мәслихатында.
Ұлттық банк басшысы бұл шара ішкі нарықта доллардың ұсынысын арттырып, бағамның тұрақты болуына әсер ететінін айтты.
— Біздің болжамымыз бойынша, қазіргі таңда бір унция алтын бағасы 2900 доллар болып отыр. Сонда жылына шамамен ішкі валюта нарығына қосымша 5,5-6 млрд доллар ұсынылады. Бұл деген — валюта нарығына қосымша ұсыныс, теңгеге қолдау. Өйткен ішкі нарықта долларға деген сұранысты азайтады.
Қазіргі таңда бұл процесс дұрыс болып жатыр. Мысалы, қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша 950 млн доллар ұсындық. Ешқандай проблема жоқ. Осының арқасында теңге бағамы тұрақтанды, — деді Тимур Сүлейменов.
Бүгін ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерген болатын.