Ұлттық банк бөліп төлеу нарығын реттеудің жаңа жолдарын қарастырып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде банктер мен микроқаржы ұйымдарынан тыс ұсынылатын бөліп төлеу қызметтерін реттеу мәселесі талқыланып жатыр. Ұсыныстардың бірі — мұндай міндеттемелер туралы ақпаратты кредиттік бюроларға жіберу.
Бұл туралы Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов мәлімдеді. Оның айтуынша, Ұлттық банк бөліп төлеу және кейін төлеу қызметтерінің нарығын реттеу жөніндегі дискуссиялық құжатқа қатысты ұсыныстар қабылдауды аяқтады. Қазір түскен пікірлер мен ұсыныстар сараланып жатыр.
Реттеуші банктер мен микроқаржы ұйымдары арқылы рәсімделетін бөліп төлеу қызметтері қолданыстағы заңнама аясында екенін атап өтті. Ал қаржы ұйымдарына жатпайтын компаниялар ұсынатын осындай қызметтерге қатысты бірқатар мәселе бар.
Атап айтқанда сатып алушыға келісім талаптарын толық түсіндіру, өсімпұл мен айыппұл есептеу тәртібі және азаматтардың жалпы қарыз жүктемесін бағалау мәселелері қарастырылып отыр.
— Мәселен бөліп төлеу туралы ақпаратты кредиттік бюроға жіберу қажеттігі талқыланып жатыр. Сонда мұндай міндеттемелер қолжетімді болып, несиеге барынша ұқсас құралдар бойынша азаматтардың қарыз жүктемесін есептеу кезінде ескерілуі мүмкін, — деді Ақылжан Баймағамбетов.
Оның айтуынша, кейбір ұсынысты нормативтік актілер арқылы жүзеге асыруға болса, басқалары заңнамаға өзгеріс енгізуді және Үкіметтің қатысуын талап етуі мүмкін.
Қазір Ұлттық банк ұсыныстардың нарыққа ықпалын бағалап жатыр. Келесі кезеңде бұл мәселелерді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен талқылау жоспарланған.
Ұлттық банк өкілі әзірге түпкілікті шешім қабылданбағанын атап өтті. Сондықтан ұсынылып отырған талаптар қолданысқа енгізіледі деп айтуға әлі ерте.
Айта кетейік, Ұлттық банк экономиканың банктерге тәуелділігін азайтуды көздеп отыр.