Ұлттық банк инфляциямен қатаң ақша-кредит саясатын жүргізу арқылы күреспек

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк инфляцияны тұрақтандыру үшін кешенді шара қабылдап жатыр. Ол туралы толығырақ төраға Тимур Сүлейменов айтып берді.

Национальный банк Казахстана Қазақстан Ұлттық банкі
Фото: Адлет Беремкулов/ Kazinform

— Биыл шілде айының қорытындысы бойынша инфляция 11,8% болды. Бұл сыртқы тұрақсыздыққа, баға мен салық реформасына, ақша массасының ұлғаюына байланысты, — деді Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында.

Одан әрі Ұлттық банк төрағасы инфляцияны тұрақтандыру үшін қабылданып жатқан кешенді шараларды тізіп шықты: 

— Қатаң ақша-кредит саясатын жүргізу. Бұл теңгедегі активтер мен жинақтардың тартымдылығын сақтауға, тұтыну көлемін төмендетуге арналған;
— Фискалдық тәртіпті арттыру. Жаңа Бюджет және Салық кодексі қабылданды. Мақсат — мемлекет қаржысының тұрақтылығын нығайту және бюджеттің Ұлттық қор трансфертіне тәуелділігін азайту. Сонымен қатар, «Инфляцияны төмендету шаралары кешені» атты мемлекеттік құжат жаңартылып жатыр. Мемлекет қаржысының тұрақтылығын арттыруға бағытталған бірлескен жол картасы дайындалып жатыр;
— Макро және микропруденциалдық шаралар. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірге тұтынушылық кредиттеу ісін реттеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Тұтынушылық кредиттеу бойынша капиталдың контрциклдік буфері енгізілді;
— Баға реформасы. Үкіметпен бірге тарифтер мен баға саласындағы реформалардың қарқынын икемді түрде бейімдеу мәселесін талқылап, ортақ келісім жасалды;
— Ақша-кредиттік реттеу аясындағы қосымша шаралар. Алтын сатып алу кезінде валюталық операциялар.

— Биыл 7 ай ішінде 1,7 трлн теңге нарықтағы ақшалай өтімділік алынды, жыл қорытындысы бойынша операциялар шамамен 3 трлн теңгеге жетеді. Ең төменгі резервтік талаптар да көтеріліп жатыр. Ол шамамен 3 трлн теңгені айналымнан шығарып, ақша-кредит саясаты құралдары бойынша шығынды азайтуға, ақша базасын қысқартуға және дезинфляциялық әсерді күшейтуге мүмкіндік береді. Осы шаралардың нәтижесінде барлық мемлекеттік органмен келісіп әрекет етсек, инфляцияны ортамерзімді перспективада мақсатты көрсеткішке қайтара алатынымызға сенімдіміз, — дейді Тимур Сүлейменов.

Бұған дейін Ұлттық банк басшысы Ұлттық қордан 2026-2028 жылдары тартылатын трансферт көлемін атаған еді. 

Соңғы жаңалықтар