Қазақстанның сыртқы борышы қанша
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Ұлттық Банкі 2025 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша деректерді жариялаудан бастап Қазақстан Республикасының сыртқы борышын алдын ала бағалауды жариялауға кіріседі.

Сыртқы борыш белгілі уақыттағы өтелмеген резиденттердің бейрезиденттер алдындағы негізгі борышты және/немесе пайызды төлеуді талап ететін нақты және сөзсіз міндеттемелерін білдіреді.
Бұған дейін Қазақстан Ұлттық Банкі Статистикалық ақпараттың шығу кестесіне сәйкес есепті тоқсан аяқталғаннан кейін 90-күні сыртқы борыш бойынша есепті деректерді жариялаған болатын. Енді оған қосымша ҚР сыртқы борышын алдын ала бағалау жарияланатын болады.
Мұндай жарияланымдар тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың соңғы күнінде, тиісті кезең үшін төлем балансын алдын ала бағалау туралы ақпарат шығарумен бір мезгілде жүзеге асырылады.
— Қазақстан Ұлттық Банкі жарияланатын статистикалық және талдамалық ақпарат көлемін кеңейту бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Бұл жарияланым елдің сыртқы сектордағы позициясын неғұрлым уақытылы баға беруге мүмкіндік береді және мемлекеттік органдарға, сарапшыларға, зерттеушілерге, рейтингтік агенттіктерге пайдалы болады, — делінген хабарламада.
Қазақстан Республикасының сыртқы борышының көлемі 2024 жылдың басынан бастап жылда 2,3 млрд АҚШ долларына (бұдан әрі — доллар) ұлғайып, 2024 жылғы 1 қазанда 165,8 млрд долларды құрады.
2024 жылдың басынан бастап сыртқы борыш төлем балансы бойынша операциялардың есебінен 3,1 млрд долларға өсіп, теріс бағалық, бағамдық және басқа өзгерістер есебінен 0,8 долларға теңестірілді.
Қазақстанның сыртқы борышының құрылымында өтеу мерзімі бойынша 87,2% ұзақ мерзімді (1 жылдан астам) сыртқы борышқа тиесілі, бұл бір жағынан, өтімділік тәуекелдерін азайтады, ал екінші жағынан — жалпы нарықтық талаптар өзгеруінің борышты өтеуге және оған қызмет көрсетуге әсерін күшейтеді.
Қазақстан сыртқы борышының қаржы құралдарының түрлері бойынша құрылымында бейрезиденттерден тартылған несиелер мен кредиттер (74,1%) басым болды.
— Сонымен 1 қаңтардағы деректерге сәйкес Қазақстанның сыртқы борышы 165 630 млн АҚШ долларына тең болды. Оның ішінде мемлекеттік басқару органдарының борышы — 12 724 млн АҚШ доллары, Орталық банк борышы — 2 470 млн АҚШ доллары, банктердің борышы — 13 265 млн АҚШ доллары, басқа секторлардыкі — 45 513 млн АҚШ доллары және тікелей инвестициялар: фирмааралық берешек — 91 658 млн АҚШ долларын құрады, — делінген банк таратқан ақпаратта.
Бұл ретте 2025 жылғы 1 қаңтарға есептік сыртқы борыш 2025 жылдың 31 наурызында жарияланады.
Бұдан бұрын ҚР Ұлттық банкі талдаушылары Қазақстан мен аймақтағы елдерде минималды резервтік талаптарды қолдану тиімділігін зерделегенін жаздық.