Ұлттық банк криптоактивтерге салынуы мүмкін қаражат сомасын атады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов Ұлттық қор мен алтын-валюта қоры қаражатының бір бөлігін криптоактивтерге салу мүмкіндігіне қатысты түсінік берді. 

Ұлттық банк криптоактивтерге салынуы мүмкін қаражат сомасын атады
Коллаж: Kazinform/Pexels

Бүгін Сенатта «Қазақстанда цифрлық активтер индустриясын дамыту» тақырыбына арналған жиыннан кейін тілшілер криптоактивтерге қанша қаражат бағытталатынын сұрады.

— Бұл криптоактивтер біздің активтермен, бағалы қағаздармен ұқсас. Егер ол перспективті және жоғары табысты актив болатынына көз жеткізсек, яғни болашақта оңтайлы нәтиже беретінін көрсек, онда тиісті қаражатты салуды қарастырамыз, — деді Берік Шолпанқұлов.

Бұл тұрғыда журналистер осы бағытта қанша қаражат қарастырылғаны туралы сұрақ қойды.

— Қазір нақты айту қиын. Дегенмен, шамамен 300 млн АҚШ доллары болуы ықтимал. Атап айтқанда, ертең осы сома бөлінеді дегенді білдірмейді. Осы процесті зерттеп жатырмыз, — деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.

Бұған дейін хабарланғандай, криптовалюталарды айырбастайтын ұйымдар құрылады

Соңғы жаңалықтар