Ұлттық банк төрағасы базалық мөлшерлемені одан әрі төмендетуге қатысты пікір білдірді

АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету жоспары туралы айтты.

Сүлейменов
Фото: Ұлттық банк

Айта кетейік, 5 маусымда Ұлттық банк сегіз айда алғаш рет базалық мөлшерлемені 18%-дан 17%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады.

Алайда Тимур Сүлейменовтің айтуынша, әзірге реттеуші тарап базалық мөлшерлемені төмендетудің тұрақты циклін бастауға дайын емес.

— Цикл туралы айту әлі ерте. Жинақталған оң үрдістерге қарамастан, тәуекелдер әлі де бар. Сондықтан біз ешқандай нақты уәде бергіміз келмейді. Инфляция біз күткен траекториямен төмендесе ғана, тиісті шешімдер қабылдауға мүмкіндік туады. Ал қазір «тек төмендету болады, үзіліс болмайды» деп айту асығыстық болар еді, — деді ол Ұлттық банктегі баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар Ұлттық банк азық-түлік инфляциясының динамикасын, валюта бағамының тұрақтылығын және квазимемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асуын бақылауды жалғастыратынын атап өтті.

— Егер азық-түлік инфляциясы төмендесе, тарифтік саясат үкіметпен келісілген жоспарға сай жүзеге асса, валюта бағамы тұрақты болса және квазимемлекеттік бағдарламалар жоспарға сәйкес орындалса, инфляцияның төмендеу үрдісі жалғасады. Бұл өз кезегінде базалық мөлшерлемені әрі қарай төмендетуге мүмкіндік береді, — деді ол.

Сүлейменовтің айтуынша, инфляцияға толық бақылау орнады деу әлі ерте.

— Инфляцияны жеңдік деуге әлі болмайды. Қазір ол 10,4% деңгейінде, яғни әлі де жоғары. Сондықтан сақтықты төмендетуге болмайды, — деді ол.

Еске салайық, 5 маусымда Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-дан 17%-ға түсірді. Бұл шешім инфляцияның баяулауына байланысты қабылданған.