Ұлттық банк тұтынушылық несиені 5 жылдан астам мерзімге беруге тыйым салмақ
АСТАНА. KAZINFORM – Ұлттық банк тұтынушылық несиені 5 жылдан астам мерзімге беруге тыйым салмақ. Бұл жайында Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің қатысуымен өткен брифингте белгілі болды.

Іс-шара барысында Kazinform тілшісі Ұлттық банк төрағасынан "несие көпіршігіне" жол бермеу шаралары туралы сұраған еді. Сауалға жауап берген Тимур Сүлейменов тұтынушылық несиені шектеуге бағытталған бірқатар қадамның қабылданғанын атап өтті.
– Өткен жылы заңнамалық деңгейде, ал биыл қосымша нормативтік деңгейде тұтынушылық несиелеуді шектеуге қатысты бірқатар шара қабылданды. Нәтижесін көріп те отырмыз. Өткен жылы несиелеу 39 пайызға өсім көрсетсе, биыл бұл көрсеткіш 30 пайызға дейін төмендеді. Бірақ 30 пайыз дегеннің өзі де жоғары, – деді ол.
Осы орайда, Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов болашақтағы шараларға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, макропруденциялық реттеу өкілеттігі реттеуші органға берілген.
– Бүгін ғана Ұлттық банк басқармасының қаулысы тіркелді. Оған сәйкес макропруденциялық нормативтерді Ұлттық банктің өзі белгілейді. Қарыз жүктемесінің коэффициенті мен басқа да бірқатар шара қабылданды. Банктер қосарланған табыс көрсеткіштері мен жалған табыстар болмауы үшін азаматтардың табысын мұқият тексеруге міндетті болады, – делі ол.
Сондай-ақ ол жаңа ережелерде несиелеу мерзіміне қатысты шектеулер енгізілетігін айтты.
– Жалпы, ұзақ мерзімге берілетін тұтынушылық несиелер де шектеледі. Қарыз жүктемесі коэффициентіне сәйкес келу үшін несиелердің мерзімі ұзартылып жатқаны жасырын емес. Бірақ кейіннен мұндай несиелер бойынша төлемсіздік артып, олар қайтарылмайтын қарызға айналуда. Сондықтан бес жылдан асатын тұтынушылық кепілсіз несиелерді беру мүмкін болмайды. Мұндай шектеу жаңа ережелерде қарастырылған. Біз бұл жағдайды мұқият бақылауда ұстап отырмыз, – деп атап өтті Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Бұған дейін Тимур Сүлейменов автокөліктерге сұраныстың артуы тұтынушылық белсенділіктің өсуін көрсететінін айтқан еді.