Ұлттық банк валюта айырбастау нарығында алыпсатарлықты шектейтін құжат қабылдамақшы
АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық банк валюта айырбастау нарығында алыпсатарлықты шектейтін қаулы жобасын көпшілік талқылауына шығарды.

— Жобада уәкілетті банктердің клиенттердің жүргізілген валюталық операциялары бойынша есептілікті ұсыну мерзімдерін қысқартуға бағытталған түзетулер көзделген. Банктердің есептілікті ұсыну мерзімдері нарықтағы жағдай туралы мәліметтерді уақтылы алу, оны талдау және қажет болған жағдайда жедел шаралар қабылдау мақсатында қысқартылады, — деп жазылған баспасөз-релизде.
Сондай-ақ құжат бейрезиденттердің конверсиялық операцияларына күшейтілген қаржылық мониторинг жүргізуге арналған.
— Бұл түзету шетел валютасына алыпсатарлық сұранысты болдырмау, сондай-ақ бейрезиденттердің қатысуымен түрлі схемаларды қолдана отырып, конверсиялық операцияларды жүргізу кезінде Қазақстан Республикасының валюталық заңнамасының талаптарын айналып өтпеу үшін әзірленді. Бұл ретте резиденттерге тауарлар мен қызметтерді сатудан, теңгеге қаржы активтерін сатудан, Қазақстан аумағындағы қызметтен дивидендтер алудан түсетін теңгеге шетел валютасын конвертациялау стандартты режимде жүргізіледі, — делінген құжатта.
Еске салсақ, 2024 жылдың аяғына қарай теңге бағамы қатты құбылып, кейбір сарапшылар мұның себебін нарықтағы алыпсатарлық әрекеттермен байланыстырған.