Ұлттық банктің атын жамылған алаяқтар 9 млн теңгені иемденген
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанда алаяқтар Ұлттық банктің қызметкерлері ретінде танысып, азаматтардың ақшасын «қауіпсіздендіру» сылтауымен иемденіп жүр. Кейінгі бір жарым айда ел бойынша осындай 39 дерек тіркелген.
Бас прокуратураның мәліметінше, алаяқтар азаматтарға телефон шалып, өздерін Ұлттық банктің қызметкерлері ретінде таныстырады. Олар адамның дербес деректері алаяқтардың қолына түскенін және шоттарындағы ақшаны ұрлауға әрекет жасалып жатқанын айтады.
Содан кейін ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды немесе басқа да операциялар жасауды талап етеді.
— 17 қыркүйекте Ұлытау облысының полициясы Жезқазған тұрғынының ақшасын жымқыру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Ер адам алаяқтардың сөзіне сеніп, депозиттеріндегі барлық ақшаны шешіп алып, олардың нұсқауы бойынша үшінші тұлғалардың шоттарына аударған. Келтірілген залал 9 млн теңге болды, — деп хабарлады ведомство.
Қазір аталған іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр.
Бас прокуратура азаматтарды қырағы болуға үндеді. Ұлттық банктің және басқа да мемлекеттік органдардың қызметкерлері телефон арқылы азаматтардан алаяқтардан қорғау сылтауымен несие рәсімдеуді, мүлікті сатуды немесе ақшаны үшінші тұлғаларға аударуды талап етпейді.
Сондай-ақ бөгде адамдарға SMS-кодтарды, парольдерді, банк карталарының деректерін және ақшаға қол жеткізуге мүмкіндік беретін басқа да мәліметтерді бермеу қажет.
Еске салайық, бұған дейін «Даму» қоры арқылы несие алып беремін деген алаяқ 4 жылға сотталғанын хабарлаған едік.